Қазақстандық шаңғышы Марк Старостин спортқа оралудан бас тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастар арасындағы әлем чемпионаты-2013 қола жүлдегері, Универсиада жеңімпазы және екі дүркін күміс жүлдегері (2013, 2015), шаңғы жарысынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марк Старостин өзінің спорттық мансабына нүкте қойғанына бір жарым жылдың жүзі болды. 
None
None

26 жастағы спортшы фитнес-бапкер кәсібіне бет бұрды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шаңғы жарыстары бойынша бас бапкер Александр Батяйкиннің айтуынша, Старостиннің өз нәтижелеріне және еңбекақысына көңілі толмады. Қомақты гонорар шаңғышыларға Әлем чемпионаты, Универсиадалар және Олимпиада ойындары секілді ірі халықаралық жарыстардан жүлделі орын иеленгенде ғана беріледі.

«Біз оны спортқа қайтаруға тырыстық. Мен өзім жеке әңгімелестім, биылғы жыл ол үшін табысты болар еді, себебі ол үздік нәтижелерді көрсетіп үлгерген. Тек соңғы маусымда жолы болыңқырамады. Өзі қатты ауырды, біз күткен нәтижелер де бола қоймады. Менің ойымша, ол эмоцияға беріліп, қиындықтарға төзе алмаған тәрізді», - деп жауап берді А.Батяйкин «ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің сұрағына.

Ол Федерацияның олимпиадалық медальдарды, әлем чемпионаттарында жоғары орындарды жоспарламағанын, сәйкесінше Старостиннің бәрібір шаңғы теуіп, қомақты қаражат таппайтынын мойындады.

 «Сол себепті Марк фитнес-бапкер ретінде спортпен айналысуды ұйғарды. Марк секілді тамаша нәтижелер көрсеткен және спорт жұлдызы атану мүмкіндігі бар 10-12 адамды білемін. Мәселен, әлем чемпионатының жүлдегері Виталий Александров, Виктория Ланчакова, Светлана Васечко. Ұлттық жастар құрамасында болған қазақстандық мектеп тәрбиеленушілерінің біразы фитнес-клубтарда жұмыс істеп жүр. Себебі олар тәртіпсүйгіш, шыдамды, кәсіби қабілеттері бар, режімге үйренген жандар», - деп толықтырды А.Батяйкин.

Бас жаттықтырушының айтуынша, қазіргі уақытта құрамада болашағынан үміт күттірер бірнеше спортшы бар. Олардың арасында Анна Шевченко, Ольга Мандрика, Анна Стоян, Сергей Малышевтар бар.

«Виталий Пухкало екі жыл бойы құрама командаға кіруге талпынды және нық сеніммен қатарға қосылды. Ересектер арасындағы әлем чемпионатында лайықты нәтиже көрсетті. Ваня Люфт - Алматыдағы Универсиаданың сенсациясына айналды (спринтте алтын медаль жеңіп алды), бірақ әлем чемпионатында алғашқы айналымда артық күш жұмсап қойып, кейін қарсыластарына ілесе алмады. Есесіне ол тамаша тәжірибе жинақтады, біз одан үздік спортшы шығару үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деп түйіндеді өз сөзін А.Батяйкин. 

Соңғы жаңалықтар