Қазақстандық танымал суретші Қ.Алтынбеков Венгрия президентінің орденімен марапатталды
Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлайды.
Венгрияның президенті Янош Адер белгілі қазақ суретшісі, «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының негізін қалаушысы және басшысы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Суретшілер Академиясының академигі Қырым Алтынбековты мәдени-тарихи мұраны сақтауға сіңірген зор еңбегі үшін «Рыцарлық Крест» орденімен марапаттады. Венгрия президентінің атынан орденді қылқалам шеберіне 14 наурыз күні Венгрия өңірлік даму министрі Шандор Фазекеш тапсырды. Марапаттау рәсімі 1848-1849 жж. 15 наурызда болған Венгриядағы бостандық үшін бой көтерген көтеріліс пен төңкерістің 165 жылдығына орай ұйымдастырылды. Қ.Алтынбековтің «Ұлы дала мәдениеті» мәдени-тарихи мұрасын сақтау саласындағы еңбектерінің көрмесі Венгрия астанасы Будапештте, сондай-ақ Дебрецен, Кестхей және Балатонсемеш қалаларында өтті. Көрмеге келушілер қазіргі мадьярлармен туыстық байланысы бар далалық көшпелі халықтың мәдениеті мен тұрмыс-салтын бейнелейтін бірегей жәдігерлермен танысты.