10:51, 09 Сәуір 2023 | GMT +5
Қазақстандық теннисшілер Хьюстондағы турнирдің финалына шыға алмады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында АҚШ-та топырақ төсенішінде өтіп жатқан Хьюстон ATP 250 турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жұп жартылай финалда аустралиялықтар Макс Пёрселл – Джордан Томпсонмен күш сынасты.
Екі сет те тай-брейкпен аяқталып, онда аустралиялық дуэт сәттірек ойнады – 7:6 (8:6), 7:6 (7:5).
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандықтар 1 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыластары 5 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Аустралиялық жұп соңғы матчта ұлыбританиялықтар Джулиан Кэш – Энри Паттенмен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.