Қазақстандық «Түймеқыз» Әлем кубогынан жүлделі оралды
Қостанайлық спортшы әйелдер арасында 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, «қола» жүлдеге ие болды. Дегенмен, спортшы бас жүлдеден үмітті болғанын жасырмады.
«Әлем кубогы - жауапты сын. Ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткіземін деп ойладым. Бірақ, үздік үштікке кірудің өзі жетістік. Мені қолдаған жерлестеріме, бапкерлеріме алғысым шексіз. Енді «Miss Virtual Kazakhstan-2018» байқауына тыңғылықты дайындалмақпын», - деді Тұрсынай Қабыл.
Айта кетейік, жақында «Miss Virtual Kazakhstan-2018» байқауының финалдық кезеңіне шыққан қатысушылар белгілі болды. 3000 арудың ішінен іріктелгендердің арасында Тұрсынай да бар.
«Өмірдің өзі сыннан тұрады ғой. Мен қиындықтардан қорықпаймын. «Miss Virtual Kazakhstan-2018» байқауына қатыспас бұрын көп ойландым. Расында, мен кімнен кеммін? Өзімді қоғамның бір бөлшегі ретінде көрсеткім келді. Ендігі арманым - өмір туралы кітап жазу және мүгедектерге арнап спорт залын ашу. Болашақта спорт жаттықтырушысы болғым келеді», - дейді қазақстандық «Түймеқыз».