Қазақстандық жас боксшылар «Президент Гейдар Әлиев кубогынан» 2 күміс, 4 қола медаль иеленді
АЛМАТЫ. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мамырдың 8-16 күндері Әзірбайжанның Баку қаласында бокстан жасөспірімдер арасында «Президент Гейдар Әлиев кубогы» VIII Халықаралық турнирі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Он елден 130 спортшы қатысқан бұл жарысқа аға бапкер Сұлтан Қостаев бастаған ұлттық құрама толық құрамда қатысты. Онда ақтық сында оңтүстікқазақстандық Бағдәулет Совет (48 кг) жарыс қожайындарының өкіліне 6:3 есебімен, ал Ақмадияр Исақ (57 кг) ресейлік боксшымен 1:1 есебімен тең түсіп күміс жүлдегер атанды. Команда қоржынына түскен 4 қоланы қарағандылық Табысхан Тұрмағамбетов (46 кг), алматылық Айдар Иманғалиев (50 кг), астаналық Роман Жайлауов (66 кг) пен О оңтүстік Қазақстанның тағы бір өкілі Дінислам Әбдешов (75 кг) салды. Ал олардың командалас серіктерінен Әлішер Жұматаев (46 кг) пен Әділет Әлібек (63 кг) мамырдың 11-інде, Әділбек Әділжан (50 кг) мен Айтжан Шлеев (60 кг), мамырдың 12-сі күні іріктеу кезеңінде жарыс жолынан шығып қалды. Олардың қатарына мамырдың 13-і күні ширек финалдан өте алмаған Ақылбек Жоламанов (52 кг) қосылған еді. Жартылай финалда Айдар Әзірбайжан, ал Роман Грузия боксшысына ұтылып қалса, Дінислам сырқатына байланысты жарысқа қатысқан жоқ.