Қазақстандық жастардың мемлекеттік қызметте алға жылжуына мүмкіндік бар - М. Қожабаев
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының Жамбылдық филиалы қоғамдық қабылдауда азаматтарды қабылдады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде халыққа құқықтық көмек көрсету үшін облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Мақсат Қожабаев пен тәртіптік кеңес төрағасының орынбасары Ғалым Тұрсынов, сондай-ақ «Нұр Отан» ЖОФ басшысының орынбасары Тілеумұрат Шабден азаматтарды жеке қабылдады.
«Партияның қабылдауына келген халықтың көпшілігі мемлекеттік қызметке орналасқысы келетін жастар, - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы М. Қожабаев. - жас қазақстандықтардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімі артқаны қуантты, олар «Бәке-Сәке» көмегінсіз, заңда белгіленген рәсімдерден өтіп, мемқызметке орналасуға ниетті».
М. Қожабаев қабылдауға келген жас мамандарды бес институционалдық реформаларды іске асыру жағдайында мемлекеттік қызметті жаңғырту мәселелері қызықтыратынын айтты, атап айтқанда, төменгі лауазымнан одан әрі мансаптық өсу, мемлекеттік қызметті аттестаттау, қойылатын біліктілік талаптары, еңбекақы төлеу және қызметтік тұрғын үй беру, біліктілікті арттыру және мемқызметшінің этика кодексі.
«Белгілі болғандай, Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат реформасына баса мән береді. Таяу онжылдыққа негізгі стратегиялық құжат болып табылатын «100 қадам» бес реформаларын іске асыруда алғаш рет 15 қадам мемлекеттік қызметті қайта құруға арналды, - деп атап өтті ол. - қабылдауда мемаппаратты қалыптастыруды қозғайтын бірінші реформаның аясында мемқызметке төменгі лауазымға қабылдаудан бастау ұсынылатыны түсіндірілді. Мемқызметкерлердің қызмет нәтижелері есепке алынып олардың жалақысы артады, қызметтік тұрғын үй беріледі, алайда оған жекешелендіру құқығы берілмейді. Бұл 15 қадам мемқызметті Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруі бойынша жоспарын жүзеге асыруға ықпал ететін ашық та бәсекеге қабілетті жүйе болуы тиіс».
Бұдан басқа, азаматтарды қабылдауда сапалы мемлекеттік қызмет алу, құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасу, ауыл шаруашылығы саласына гранттар алу мәселелері қозғалды. Барлық сұрақтарға нақты жауаптар берілді, деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметінен.