Қазақстандық жоғары оқу орындары белсенді студенттерінің баспасөз конференциясы
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 6 маусым күні Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде қазақстандық жоғары оқу орындары белсенді студенттерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтеді.
Бұл туралы аталмыш ЖОО-ның баспасөз қызметі хабарлайды.
Баспасөз конференциясын өткізудегі басты мақсат - білім беру реформаларын дамытуда, жоғары білім беру сапасын арттыру, қазақстандық жоғары оқу орындарының имиджін қалыптастыру, еліміздің халықаралық білім беру кеңістігіне араласудағы Қазақстан білімгерлерінің белсенділігін арттыру мәселелерін көтеру болып табылады.
Баспасөз конференциясы барысында Ұлттық студенттер кеңесін құру туралы студенттердің ұсынысы жарияланады. Ұлттық студенттер кеңесін құрудағы басты мақсат:
студенттердің білім беру, әлеуметтік, экономикалық және мәдени қызығушылықтарын еуропалық деңгейге көтеруге белсене араласуы;
Еуропалық студенттер одағы және өзге де халықаралық ұйымдарға мүшелікке өту;
семинар, конференция, зерттеу жұмыстарына, серіктестік жобалар мен кампанияларға қатысу, жоғары білім беру мамандары мен білімгерлер үшін ақпараттық қызмет көрсету.
Баспасөз конференциясына халықаралық білім және ғылыми жобалардың, байқаулардың, пән олимпиадаларының жеңімпаздары, халықаралық және республикалық студенттер ұйымдарының, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының мүшелері болып табылатын студенттер қатысады.