Қазақстандық жүргізушілер #Жылдамдықты баяулат акциясына қосылуға шақырылды
Біріккен Ұлттар Ұйымы 8-14 мамыр күндері аралығында бүкіл әлемде Жол қозғалысы қауіпсіздігінің төртінші жаһандық апталығын өткізу туралы жариялады.
8 мамыр күні Қазақстанда аталмыш апталық аясында «Өмірді сақта! #Жылдамдықты баяулат» атты акция басталды. Оның ұйымдастырушылары - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Елдер кеңсесі, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті және «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығы.
Ұйымдастырушылар шараға балаларды тарта отырып, жолда жылдамдықты арттыру неліктен қауіпті екендігін айтып, түсіндірмек. Акцияның алғашқы күнінде Астананың жергілікті полиция қызметінің ондаған қызметкері мен жол қозғалысының жас инспекторлары адам өмірін сақтап қалатын жылдамдықты таңдаудың маңыздылығы жайлы ойлануға шақырды.
Кез келген адам жолда жүру ережесін сақтау арқылы шараға қосыла алады. Сондай-ақ арнайы постерді жүктеп алып, оған өз тілек-ниеттерін жазып, өзінің фотосымен бірге #Жылдамдықты баяулат #Slowdown хэштегімен әлеуметтік желілерге орналастыра алады.