13:33, 30 Мамыр 2014 | GMT +5
Қазақстандықтар Аргентинаға визасыз бара алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан мен Аргентина үкіметтері арасындағы екі ел азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары туралы келісімге қол қойылды.
Бұл құжатты ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Аргентина Сыртқы істер министрі Эктор Тимерман бекітті.
«Бүгін біз екіжақты қатынастардың маңызды мәселелері бойынша пікір алмастық. Сондай-ақ өзекті жаһандық мәселелерді жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, біз екі ел азаматтарының визасыз сапарлары туралы маңызды келісімге қол қойдық. Бұл өз кезегінде елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа мүкіндіктерін ашады», - деді Е. Ыдырысов.
Осы орайда министр ҚР СІМ осындай келісімдерді бекіту бұдан ары қарай да жалғастыратынын атап өтті.
Мұнымен қоса, Е. Ыдырысов өткен жылы визасыз сапарлар туралы келісімдер Бразилиямен, Эквадормен бекітілгенін және бұл келісімдер жақын арада күшіне енетінін жеткізді.