Қазақстандықтар бір айда полицияға 1272 атыс қаруын өз еркімен тапсырған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, қазақстандықтар бір айда полицияға 1272 атыс қаруын өз еркімен тапсырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер министрлігінің халықтан заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алуға бағытталған республикалық акциясы жалғасып жатыр.

Өз еркімен тапсырылған қарудың жай-күйіне қарай әр данасы үшін 10 айлық есептік көрсеткіштен (31 800 теңге – ред) 100-АЕК-ке дейін (318 000 теңге –ред.) төлем көзделеді.

Акция басталған айдың ішінде тұрғындар полицияға 1272 дана атыс қаруын өз еркімен тапсырды.

Оның ішінде, 1 ойық ұңғылы автомат, 188 ұзын ойық ұңғылы мылтық, 4 қысқа ойық ұңғылы автомат, 1067 тегіс ұңғылы мылтық, 12 травматикалық қару, 5 жарылғыш құрылғы және ойық ұңғылы мылтықтың 9,5 мыңға жуық оғы бар», - деді ІІМ өкілі ведомствоның онлайн брифингісінде.

Сондай-ақ, Шұғыла Тұрлыбек тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салды.

Аталған брифингіде бір аптаның ішінде республика бойынша 3184 қылмыс тіркелгені мәлім етілді.


Соңғы жаңалықтар
telegram