Қазақстандықтар елорда күнімен құттықтауда
Айта кетерлігі, бұл жолғы елорда күні еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Осы ретте «ҚазАқпарат» тілшілері қала тұрғындары мен елорда тұрғындарының мерекеге орай пікірлерін білген болатын.
«Менің Астанаға келмегеніме 14 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында Қазақстан елордасы адам танымастай өзгерген. Сұлу қала салып, оны абаттандыра түсіпті. Бұл біздің Президентіміздің басты еңбегі. Мен үшін бүгінгі күні гүлденген, өсіп-өркендеген Астананы көру зор бақыт. Бұл барша қазақстандықтардың мақтанышы», - дейді елорда қонағы Анна Колечникова.
«Астана бүгінде әлемге кеңінен танымал Қазақстанның заманауи бренді. Біздің спортшыларымыз бен отандастарымыздың жетістіктері бүкіл әлемдегі елорда имиджінің қалыптасуына мол үлес қосу үстінде. Бүгінгі таңда біздің елордамызды әлемдегі көпшілік адамның білетіндігі қуантады», - дейді өз кезегінде елорда тұрғыны Е.Құстанов.
Астананың тағы бір тұрғыны Нұрбол Қасенов көпұлтты республикамызда тұрып жатқан әрбір азамат үшін елорда күні айрықша ыстық екендігін айтады.
«Өйткені, Қазақстанда бейбітшілік пен келісім орнаған, мемлекетіміздің жетістіктері мен табыстары да, еліміздің Тәуелсіздіктің қысқа ғана мерзімінде жинаған беделі де ұшан-теңіз. Сол себепті барлық отандастарымды елорда күнімен құттықтаймын. Біз Астанамызды бүкіл әлемге паш ететін боламыз», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев республика астанасын Алматыдан басқа өңірге, оның ішінде орталыққа көшіру туралы мәселені көтерді. Соның арқасында 1994 жылғы 6 шілде күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім-қаулысы қабылданды.
1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты. Соған орай Ақмолаға қарай ресми көштің басы 1997 жылдың күзіне қарай басталды. Осы жылдың 20 қазанында Президент Қазақстанның жаңа астанасы - Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы Ақмола қаласына жеткізілді.
2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге - Астана күні ресми атауы беріліп, ал оны атап өту алғашқы ресми шешім қабылданған күн - 6 шілдеге бекітілді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, 6 шілде - Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.