Қазақстандықтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тек бір тұрғын үйді жекешелендіруге құқылы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тек қана бір тұрғын үйді жекешелендіруге құқылы. Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы Сотының кезекті жалпы отырысында «Азаматтардың тұрғын үй-жайларды жекешелендiру жөніндегі заңдарды соттардың қолдану тәжiрибесi туралы» нормативтік қаулысы бойынша баяндама жасау кезінде Жоғарғы Соттың судьясы Бағлан Мақұлбеков мәлім етті.
Б. Мақұлбеков атап өткендей, Жоғарғы Соттың аталған нормативтік қаулысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үй-жайларды азаматтардың жекешелендіру мәселелері туралы заңнаманың кейбір нормаларын біркелкі түсіну және сот тәжірибесінде дұрыс қолдану мақсатында әзірленді.
Жоғарғы Соттың аталған мәселеге қатысты қолданыстағы нормативтік қаулысы 1997 жылдың 18 шілдесінде қабылданған. Жоғарыда аталған нормативтік қаулыны қабылдағаннан кейін бірқатар заңнамалық актілер айтарлықтай өзгерістерге ұшырады.
«Жаңа қаулыда Қазақстан Республикасының азаматтары ел аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тек қана бір тұрғын үйді жекешелендіруге құқылы екендігі қарастырылған. Купондық механизм арқылы тұрғын үйді жекешелендіруге қатысу және тұрғын үй-жайды негізгі жалдаушы отбасы мүшесiнiң бұрын жекешелендірілген тұрғын үйдегі үлесі елу пайыздан кем болуы оның мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендiру құқығын кейіннен іске асыруына кедергі келтірмейді»,-дейді ол.
Сонымен бірге, азаматтардың, егер де: Қазақстан Республикасы аумағында меншік иесі құқығында өзге тұрғын үйі болса, бұл ретте тұрғын үйдегі үлесінің елу пайыздан кем болуы ескерілмейді; Қазақстан Республикасы аумағында ипотекалық тұрғын үй займы шарты бойынша міндеттемесі болса; жекешелендіруге жүгінген сәтке дейін соңғы бес жыл ішінде оларға меншік иесі құқығында тиесілі тұрғын үйді иеліктен шығарса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрғын үйді жекешелендіре алмайды.
Жекешелендіру туралы шартты ресімдеу, тек мұндай жеңілдіктерге ие адамға ғана жасалады. Мұндай жағдайда жекешелендірілетін үй-жай отбасының кәмелетке толған мүшелерінің келісімімен аталған жеңілдікті пайдаланатын адамның және оның отбасы мүшелерінің ортақ бірлескен меншігіне ауысады. Мұндай жекешелендірілген үй-жайдың иесі жекешелендіру туралы шартқа енгізілмеген адамдарды өз қалауы бойынша тұрғын үйден шығара алмайды.