Қазақстандықтар Париждегі лаңкестік әрекеттен қаза тапқандардың қайғыларына ортақтасуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Франция астанасы Париждегі лаңкестік оқиғаға қазақстандықтар бейжай қарамайды.
Қазақстандықтар әлеуметтік желіде Париждегі қайғылы оқиғаға ортақтасып, көңіл айтып жатыр. Еліміздің белгілі азаматтары мен өнер жұлдыздары өздерінің Инстаграмм парақшаларына қара жамылған Эйфель мұнарасының суретін қойып, өздерін қайғыға ортақ екендіктерін білдіруде.
Белгілі ғалым, журналист Қуандық Шамахайұлы: «Париж тұрғындарына обал болды. Ислам атын жамылған лаңкестердің айуандық әрекеттерінің салдарынан бейбіт азаматтар ажал құшты.Сақтық керек!» - деп өзінің Фейсбуктегі парақшасында жариялады.
Журналист Әуесбайдың Қанаты да :«Париждегі лаңкестік салдарынан қаза болғандардың барлық туған-туыстарына, жақын-жуықтарына қайғырып, көңіл айтамын.
Кеше кешкісін олардың бірі көңіл сауықтырып, рухани ләззат алмаққа, сүйікті актерын көрмекке театрға келген болар. Кейбірі сүйікті командасына болыспаққа стадионға ат басын бұрған болар. Кейбірі жай ғана Париждің романтикалық кешінде қолына бір шоқ гүлін уыстап, сүйіктісін қуантпаққа асыққан болар.
Бірақ...Терроризм әлемдік саяси интригалардан бейхабар, еш жазығы жоқ қараша халықтың сүйіспеншіліктерінің әп сәтте жолын кесіп кетті. Қарапайым жұрт күйзелісте, ал дәл осы саяси сайқал спектакльдің авторлары қазір келесі қадамдарын ойлап, қолдан жасалған "лаңкестерге тойтарыс береміздің" қамында жүр.
Бірақ...Қан-жыны шыққан Сирия, ұңғысынан түтіні сейілмеген Ауғанстан, Ирактарда, қаншама қараша халық қаза болды?! Нақты қисабы да жоқ шығар. Олардың сұрауы кімнен? Шерхан атамша тәмсілдесек, бір кем дүние әйтеуір», - деп жазған әлеуметтік желідегі парақшасына .
Қайғылы оқиға ақындардың да назарынан тыс қалмаған. Оған белгілі ақын Ерлан Жүністің мына бір өлең жолдары дәлел бола алады:
Лувр жабылды.
Изида үнсіз. Венера мұңды. Парижде готикалық мəнер. Елітерсің кімді, Оқ дəрі иісі əтірден күштірек, Шанель!?.
Елисей алқабын Бодлер гүлдері жапты - Зұлымдық гүлдері... Эйфель оттарын жақты - Джоконда күлмеді.
Жабылса - жаңғақ, Апельсин секілді ашылған терезең, О, күзде неліктен өлеңдер тоңғақ, Неліктен кебеді кенезең?!.
Мен халқым секілді тұп-тұнық аспанды сүйем, Адамдар неліктен аспанға сенбейді? ...Қайғыңа ортақпын, Гийом, Парижде өлеңдер өлмейді!
Ақындар өлсе де...