Қазақстандықтар жол талғамайтын көлікті сатып алуды жөн көреді
«2017 жылдың I тоқсанындағы жағдай бойынша жаңа жеңіл автокөліктерді сатып алуда негізінен Алматы (2 034 сатылған авто), Астана (1 392 бірлік), Атырау (575 бір.), Қостанай (462 бір.), Шымкент (445 бір.), Қарағанды (402 бір.), Ақтау (341 бір.), Өскемен (318 бір.), Орал (307 бір.) және Ақтөбе (304 бір.) қалаларының тұрғындары белсенділік танытқан»,-делінген «КазАвтоПром» таратқан баспасөз баянында.
Автокөлік брендтері рейтингінің басына Lada мен Toyota маркалары жайғасқан. Ресейлік маркалы автокөліктерді Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары көптеп сатып алған.
Тұрғындар сатып алған автокөліктердің ішінде Lada 4x4 маркасы көш бастап тұр. Жол талғамайтын Lada 4x4 маркасы 6 өңірде, атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында ең көп сатылған көлік болып тіркелген. Одан кейінгі орында Ravon Nexia, Toyota Camry маркалары тұр.
«Аталған кезең ішінде Астана қаласында сатып алынған жаңа автомобильдің орташа құны 10,1 млн теңгені, ал Алматы қаласында 9,7 млн теңгені құрады»,- деп хабарлайды «КазАвтоПром» Қазақстанның автомобиль саласындағы кәсіпорындарының одағы.