Қазақстандықтардың өлім деңгейі төмендеп, өмір жасы ұзаруда - Нұрсұлтан Назарбаев

 ПАВЛОДАР. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда кардиоаурулардың салдарынан болатын өлім деңгейі күрт төмендеді.

Қазақстандықтардың өлім деңгейі төмендеп, өмір жасы ұзаруда - Нұрсұлтан Назарбаев

Бұл туралы бүгін Павлодардағы жаңа аймақтық кардиохирургиялық орталықта болған кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Бізде жүрек аурулары бойынша өлім деңгейі күрт төмендеді және қазіргі кезде 9 облыста жүрекке ашық  оталар жасалуда. Астанадағы орталық жүректі, сонымен бір уақытта екі органды тасымалдау отасын жасады және біз онымен айналысатын 20 мемлекеттің қатарына кірдік. Яғни, соның нәтижесінде өлім деңгейі төмендеп, қазақстандықтардың өмір жасы ұзаруда. Біз медицинамен жалпы алғанда бүкіл ел бойынша айналысып, адамдарды оқытудамыз», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев кардиохирургтармен әңгімелесу кезінде.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы: «Барлық жағдайлар жасалған. Ендігі әңгіме дәрігерлерде. Бұл емханада науқастар өте аз болсын, бірақ, түскенімен, осы жерден жазылып шықсын», - деп қосты.

Өз кезегінде Мемлекет басшысына медициналық орталықты таныстырып өткен ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова жаңа медициналық мекемеде жүрекке 5 мыңға дейін ота жасалатынын хабарлады.

«Бір айдан кейін пайдалануға енгізіп, көлемдерді толығымен өсіруді жалғастырамыз - жылына жүректе 5 мыңға дейін ашық ота жасау жоспарлануда. Көптеген қызметкерлер шетелде білім алды, олар «Болашақ» президенттік бағдарламасының түлектері», - деп атап өтті С.Қайырбекова.

Сондай-ақ ел Президентіне қазақстандық санитарлық авиацияның қарауына берілетін біріккен қазақстандық-француз өндірісінің «Еурокоптер» тікұшағы көрсетілді. 

«Бұл өте маңызды. Статистика жол-көлік апаттарында адамдардың оларға алғашқы сағатта көмек көрсетілмеуінен қаза табатынын көрсетеді. Егер соны жасасақ, көптеген адамдарды аман сақтап қалу мүмкін еді. Сондықтан қазіргі кезде бізде медициналық пойыздар бүкіл ел бойынша жүруде, жылжымалы көлік кешендері іске қосылды, енді санитарлық авиация жұмыс істей бастайды - осының барлығы адамдарды құтқару үшін жасалуда», - деп атап өтті жауап ретінде Н.Назарбаев.