Қазақстандықтарға шетелде жұқпалы аурулардан сақтанудың жолдары айтылды

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйеніп, әлемдегі эпидемиологиялық ахуал нашар болып отырғанын хабарлайды. Осыған байланысты, шетелге шығатын туристер үшін туындап отырған қатерлер мен ерекше қауіпті және қайта қозатын жұқпалы аурулардың алдын алудың негізгі шараларын еске салады», - делінген таратылған хабарламада.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінен мәлім еткендей, әлемде обамен 71 адам ауырған, олардың 27-сі көз жұмды. Бұл ретте, індетті жұқтырудың 68 жағдайы (оның 27-сі қайтыс болған) Мадагаскарда, 3-еуі АҚШ-та (өліммен аяқталған жағдайлар жоқ) тіркелген.
Ал тырысқақ ауруы әлемнің 18 елінде тіркелген, оның басым бөлігі Африка елдерінде анықталды. Жалпы індетті 19015 адам жұқтырып, оның 2671-сінде жағдай өліммен аяқталды.
Түйнеме әлемнің 10 елінде (Индонезия, Үндістан, Бангладеш, Филиппин, Румыния, Замбия, Танзания, Зимбабве, Кения, Гвинея) тіркеліп, 262 адамға жұқты, 49 жағдай өлімге алып келді.
Сары безгек 4 елде (Бразилия, Боливия, Перу, Нидерланды) тіркелген - 767 адам ауырып, 429-ы көз жұмған.
Ласса безгегімен Африканың Нигерия, Либерия, Бенин, Того, Съерра-Леоне секілді 5 елінде 85 адам ауырып, 62-сі жан тапсырған.
Эбола безгегі Конгода тіркелді, оны жұқтырған 48 адамның 8-і қайтыс болды.
Чикунгунья безгегімен 12 елде (Мексика, АҚШ, Коста-Рика, Сальвадор, Никарагуа, Пуэрто-Рико, Боливия, Колумбия, Перу, Пәкістан, Бангладеш) 5649 адам ауырған, өліммен аяқталған жағдайлар жоқ.
Туляремиямен Ресейде - 11, АҚШ-та 1 адам ауырған, қайтыс болғандар жоқ.
Малярияны әлемде 6694 адам жұқтырып, 28-інде аурудың соңы өліммен аяқталған.
Денге безгегімен әлемде 268317 адам ауырып, олардың 1596-сы бақилық болды. Індет Американың 12 елінде (45936 адамның 455-і қайтыс болған), Африканың 2 елінде (283 жағдай, өліммен аяқталған жағдай тіркелмеген), Азияның 14 елінде (221129 жағдай, 460-ы өліммен аяқталған), Ресейде (2 адам, қайтыс болғандар жоқ), Океанияның 8 елінде (967 жағдай, 3-еуі өлімге әкеп соқтырған) тіркелген.
Қытайда А(Н7N9) құс тұмауымен ауырған 121 адам тіркеліп, оның 30-ы қайтыс болған. А(Н5N1) құс тұмауы Индонезияда - 1, Египетте 1 адамға жұққан, көз жұмғандар жоқ. А(Н1N1) шошқа тұмауы Үндістанда (3 адам) және Мьянмада (6 адам) тіркеліп, ауырғандардың барлығы жан тапсырған.
Таяушығыстық коронавирус респираторлық синдромымен (MERS) Азияның 4 елінде (Сауд Арабиясы, Қатар, Әбу-Даби, Ливан) 27 адам ауырғаны тіркелген, олардың 7-еуі ажал құшқан.
Зика безгегін әлем бойынша 218976 адам жұқтырған, 35-і қайтыс болған. Ауру Афириканың 1 елінде (Ангола), Американың 53 елінде (218957 науқастың 35-і қайтыс болған), Азияның 3 елінде (16 адам ауырған), Ресейде (1 адам) тіркелген.
Конго-Қырым қанды безгегі Африканың 3 елінде (ОАР, Намибия, Сенегал), Азияның 6 елінде (103 науқастың 12-сі қайтыс болған), Еуропаның 2 елінде (Ресей мен Испанияда 72 адам ауырған, қайтыс болғандар жоқ) тіркелген.
Ресейде бүйрек қызметін бұзатын геморрагиякалық безгекпен 105 адам ауырған, қайтыс болғандар жоқ.
Жапон энцефалитімен Азия елдерінде (Үндістан, Тайвань) 307 адам ауырып, 44-і көз жұмған, ал Австралияда 1 адам қайтыс болған.
Кене энцефалиті Латвияда (2 науқас), Ресейде (41 науқас), Францияда (1 науқас) тіркелген.
Хантавирус Американың 4 елінде (19 науқас адамның 2-еуі қайтыс болған) - АҚШ-та, Чилиде, Аргентина және Панамада тіркелген.
Осы ретте, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті індеттердің алдын алу бойынша келесідей кеңестер береді:
- бөтелкеден ғана немесе қайнаған су ішу; қайнатылмаған судан жасалған мұзды пайдаланбау;
- белгілі, жұрт сеніміне ие қоғамдық тамақтану орындарына ғана бару;
- жеміс-жидектерді қайнаған сумен немесе бөтелкедегі сумен жақсылап жуу;
- ет, балық және теңіз өнімдерін ыстық бумен өңдегеннен кейін ғана тұтыну;
- тамақтану алдында қолды сабынмен жақсылап жуып, қолға арналған антисептиктерді (санитайзерлер) пайдалану;
- бассейіндер мен арнайы орындарда ғана шомылу;
- тұратын жерді (бөлме, қонақүй нөмірі, т.б.) маса кіре алмайтындай етіп бекіту (москит торкөздерін, инсектицид құралдарды, репелленттерді пайдалану);
- кене шағуы мүмкін жерлерде серуендеу кезінде ашық түсті, жеңі ұзын киімдерді - шалбар, көйлек, жейде кию; дененің ашық бөліктеріне репелленттер жағу;
- саяхат кезінде немесе одан оралғаннан кейін денсаулық жағдайы нашарласа, дереу дәрігердің көмегіне жүгіну.