Қазақстанға Амур жолбарысын әкеліп жерсіндіреді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізге Голландиядан екі Амур жолбарысы әкелінеді. Мақсат – жолбарыстар популяциясын дамыту.

амурский тигр
Фото: pixabay.com

«Биыл көктемде Торғай өңіріне жабайы жылқыларды алып келдіңіздер. Ал енді қазіргі уақытта Балқаш, Арал өңірлеріне жолбарыс алып келеді деген ақпарат бар. Бұл не жоба, оның мақсаты қандай?» - деген сауал қойды Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов жалпы отырыста. 

Халық қалаулысының сауалына Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жауап берді. 

«Іле өзенінің жағасындағы орманда Балқаша құятын жерінде Тұран жолбарысы мекендеген. Соңғы жолбарыс 1948 жылы байқалған. Жолбарыстың популяциясын дамыту бойынша 2024 жылғы қыркүйектің соңына дейін Голландиядан екі Амур жолбарысын алып келіп, жерсіндіреміз. Олар суыққа төзімді. Ал келесі жылы Ресейден тағы 4 жолбарыс әкелеміз. Бізде жолбарыстың популяциясын қалпына келтіру мәселесін шешуге арналған осындай бағдарлама бар», - дейді Ерлан Нысанбаев Мәжіліс отырысында. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Ресей Амур жолбарыстарын Қазақстанға беруге дайын екендігін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар