Қазақстанға электр энергиясы тапшылығын жою үшін «Жоңғар қақпаларының» 1 пайыз желі жетеді - Мэлс Елеусізов
ӨСКЕМЕН. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - «Қазақстанға елдегі электр энергиясы тапшылығын жою үшін «Жоңғар қақпаларының» 1 пайыздық желі жетеді», - деп мәлім етті бүгін Өскемендегі сайлау штабында журналистермен кездескен ҚР Президенттігіне кандидат Мэлс Елеусізов.
Оның пікірінше, Қазақстан табиғат берген энергияның баламалы көздерін дамытуы тиіс. М.Елеусізов сондай-ақ атом энергиясын пайдалануға да қарсылығын білдірді.
«Мен әрдайым Атом электр стансысын (АЭС) салуға қарсы болып келемін, ол жерлерде болуы мүмкін апаттардан ешкім сақтандырылмаған. Олардың құрылысы мен пайдалану қыруар қаржыны талап етеді. Ал олар (АЭС) 20-30 жыл пайдаға асқан соң болды, қор сақталмайды. Мұнай да, көмір де, атом да «арам» қуат көздері. Егер адамдар алдағы 20 жылда экология мәселесін қолға алмаса, Жердегі ауа температурасы 3 градусқа артады, бұл ғаламшарды қатерге ұшырататын үдерістерді тудырады», - дейді президенттікке үміткер өзінің өмірлік ұстанымдарын түсіндіре отырып.
Міне сондықтан да оның ойынша, экология мәселесі мемлекет саясатының басым бағыты болу керек.
М.Елеусізов Аралды сақтау мәселесін, Ертіс өзеніне қатысты проблемаларды, бұрынғы Семей полигонының жағдайын Қазақстандағы ең өзекті экологиялық мәселелер қатарына жатқызды. Аймақтардың шөлейттенуіне ағаштарды орынсыз кесу, өртке ұшырату кінәлі, деп санайды ол.