Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестициялар неге азайды

АСТАНА. KAZINFORM – «Kazakh invest» ұлттық компаниясы» АҚ арнайы материал жариялады. Онда тікелей шетелдік инвестиция көлемі, елдегі инвестициялық саясатқа қатысты қалыптасқан жағдай мен оған әсер ететін факторлар туралы айтылады.

инвестиция
Коллаж: Kazinform

Ұлттық компания мәліметтеріне сүйенетін болсақ, Қазақстан Республикасына тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) ағыны бойынша деректер Қазақстан Ұлттық банкінің (ҚҰБ) әдістемесіне сәйкес қалыптастырылады. Бұл әдістеме Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) халықаралық стандарттарына сай келеді. Есептеулердің негізін тікелей шетелдік инвесторлардың қызметі туралы ресми мәліметтер, корпоративтік статистика және салалар мен өңірлер бойынша жарияланатын ведомстволық есептер құрайды.

Аталған әдістемеге сәйкес, ТШИ құрамына келесі көрсеткіштер кіреді:

  • Қазақстандық кәсіпорындардың кемінде 10%-дық үлесін резидент еместердің сатып алуы;
  • Қайта инвестицияланған табыс – шетелдік тікелей инвесторлардың қазақстандық кәсіпорындардың бөлінбеген пайдасындағы немесе залалындағы үлесі;
  • Шетелдік тікелей инвесторлардан алынған қарыз қаражаттары – несие, тауар, қызмет немесе материалдық емес активтер түрінде.

ҚҰБ-тың сыртқы экономикалық қызмет шоттарын қалыптастыру әдістемесіне сәйкес, қайта инвестицияланған табыс – бұл шетелдік инвестордың капиталдағы үлесіне пропорционалды түрде тиесілі шетелдік еншілес және ассоциацияланған кәсіпорындардың бөлінбеген табысы.

2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға таза ТШИ ағынының 98,4%-ға төмендеуі қайта инвестицияланған табыстың 93,4%-ға (6,4 млрд АҚШ долларына) қысқаруымен тікелей байланысты. Бұл, өз кезегінде, шетелдік қатысы бар кәсіпорындардың таза пайдасының азаюын немесе шетелдік акционерлерге дивиденд төлемдерінің артуын көрсетеді.

Нақты себептерді анықтау үшін шетелдік инвесторлардың қаржылық есептілігінің бастапқы деректерін ашу қажет. Алайда, Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне (ХВҚ алдындағы), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 29-бабына және «Мемлекеттік статистика туралы» заңның 8-бабына сәйкес, ҚҰБ бұл ақпаратты жарияламайды.

Айта кету керек, қайта инвестицияланған табыс көлемі шетелдік акционерлердің пайда бөлу туралы шешімдеріне және әлемдік шикізат нарықтарының бағамына байланысты қалыптасады. Қазақстандағы ТШИ құрылымында тау-кен өндіру секторының үлесі әлі де жоғары болғандықтан, бұл факторлар елдің инвестициялық тартымдылығынан гөрі жаһандық экономикалық үрдістердің әсерін көрсетеді. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар бұл үдерістерді тікелей реттей алмайды.

Демек, таза ТШИ ағынының төмендеуі Қазақстанның инвестициялық саясатының әлсіздігімен емес, шикізат нарығындағы жаһандық құбылмалылықпен және инвесторлардың дивидендтерді төлеу туралы шешімдерімен байланысты. БАҚ-тың кейбір жарияланымдарында көрсетілген инвестициялық саясатты түбегейлі қайта қарау қажеттілігі туралы тұжырымдар осы экономикалық ерекшеліктерді ескермейді.

2024 жылдың үш тоқсанында Қазақстан экономикасына 12,7 млрд АҚШ доллары көлемінде Жалпы ТШИ тартылды. Бұл көрсеткіш бірқатар телеграм-арналарда айтылған инвестициялар толығымен тоқтады деген пікірді жоққа шығарады. Дегенмен, бұл көлем 2023 жылмен немесе рекордтық 2022 жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен.

Жалпы ТШИ ағынының азаюының негізгі себебі – Атырау облысындағы Теңіз мұнай-газ кен орнында жалпы құны 46 млрд АҚШ долларынан асатын «Болашақ» кеңею жобасының (БКЖ) аяқталуы. 2025 жылдың қаңтарында «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) үшінші буын зауытында мұнай өндіруді сәтті бастады, бұл БКЖ-ның негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады. Жобаның толық іске қосылуынан кейін Теңіздегі жалпы мұнай өндіру көлемі жылына 12 млн тоннаға артып, жылдық көрсеткіш 40 млн тоннаға жуықтайды.

Осылайша, БКЖ негізгі кезеңдері аяқталып, жоба соңғы іске қосу сатысына көшті. Бұған дейін ТШИ статистикасында құрылысқа салынған инвестициялар көрсетіліп келсе, енді мемлекет осы жоба арқылы салық түсімдері түрінде тікелей табыс алатын болады.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, БКЖ-ның іске қосылуынан кейін жыл сайын Қазақстан бюджетіне қосымша 2,8 млрд АҚШ доллары түседі. 2016–2024 жылдары БКЖ аясында тартылған инвестициялар жалпы ТШИ көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етті, ал құрылыс кезеңінің аяқталуы уақытша төмендеуге алып келді. Сондықтан, ТШИ көрсеткіштерінің азаюына жол бермеу үшін жаңа инвесторларды тарту және жаңа жобаларды іске қосу бойынша белсенді жұмыс істеу маңызды.

Бұл бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізілуде.

БҰҰ-ның ЭСКАТО ұйымының мәліметіне сәйкес, Қазақстан Солтүстік және Орталық Азия өңірінде жаңа жобаларға инвестиция тарту бойынша көшбасшы мәртебесін сақтап отыр. 2024 жылы елімізге жаңа жобаларға 15,7 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш аймақтың жалпы инвестицияларының 63%-ын құрады. Сонымен қатар, 2024 жылы жаңа инвестициялық жобалар саны 2023 жылмен салыстырғанда 88%-ға артты. Бұл жобалардың іске қосылып, толық қуатында жұмыс істеуі үшін бірнеше жыл қажет болғанымен, олар мұнай-газ секторындағы ірі жобалардың аяқталуынан туындаған ТШИ көрсеткіштерінің уақытша төмендеуін өтеуге және Қазақстан экономикасының әртараптандырылуына негіз қалауға мүмкіндік береді.

Жалпы, 2024 жылы тіркелген таза ТШИ ағынының төмендеуі – уақытша құбылыс, ол объективті экономикалық және циклдік факторларға байланысты орын алды.

Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін тартымды бағыт ретінде қалып отыр. Бұған елдің жаңа инвестициялық жобаларды тарту бойынша Солтүстік және Орталық Азияда көшбасшы болуы дәлел. Осындай ірі жобалардың, соның ішінде БКЖ-ның аяқталуы, ел экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Болашақта жаңартылатын энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, көлік-логистика және цифрландыру салалары Қазақстан экономикасының негізгі өсу драйверлеріне айналуы мүмкін.

Қазақстан инвестициялық климатты жақсарту және жаңа экономикалық бастамаларды ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл шаралар ТШИ көрсеткіштерінің уақытша төмендеуінің әсерін азайтып қана қоймай, Қазақстанның жаһандық инвестициялық нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 28 қаңтар күні Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет екендігіне баса назар аударды.

«Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл 2023 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Соңғы жаңалықтар