Қазақстанға жақсы өнімдер әкеліп, қызмет сапасын арттыруға дайынбыз – У И
АСТАНА. KAZINFORM – 29 мамырда Астанада өткен Қытай – Орталық Азия медиафорумы аясында Қытайдың Genertec International Holding Co., Ltd компаниясы бас директорының орынбасары У И Kazinform тілшісіне сұхбат беріп, Қытай мен Қазақстан арасындағы автоөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы айтты.

– Кейінгі жылдары екі ел үкіметінің қолдауымен автоөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымыз артып келеді. Біз бірлесіп автомобиль құрастыру, сату желісін дамыту, техникалық оқыту сияқты бағыттарда елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Мәселен, Allur компаниясының толықтай құрастырылған автокөліктерінің жылдық өндірісі 2019 жылы 9 500 бірліктен басталса, бүгінде ол көрсеткіш 100 мыңға жуықтады. Бұл – екіжақты тиімді ынтымақтастықтың айқын нәтижесі, - деді ол.
Өз кезегінде У И болашақтағы мақсат-жоспарларымен бөлісті.
– Келешекте біз жергілікті брендтердің қалыптасуын қолдай отырып, жаңа энергетика бағытындағы жаһандық үрдістерге де бейімделуіміз керек, - деді Қытайдың Genertec International Holding Co., Ltd компаниясы бас директорының орынбасары.
Ол Allur компаниясымен бірлескен жобаларға да тоқталды.
– Біз техникалық оқыту мен басқару жабдықтарын жетілдіру арқылы Allur компаниясының кәсіби өндірістік әлеуетін арттыруға атсалысудамыз. Бұл – Қытай тарапының белсенді қолдауы мен Қазақстан Үкіметінің жан-жақты көмегінің нәтижесі, - деді У И.
Сонымен қатар ол Allur-ды Қазақстандағы ең құнды ұлттық брендтердің біріне айналдыру жолында бірлесе жұмыс істейтінін жеткізді.
– Біз зарядтау станциялары мен тиісті инфрақұрылымды дамытуда да мүмкіндігімізді пайдаланғымыз келеді. Қазақстанға жақсы өнімдер әкеліп, қызмет сапасын арттыруға, Allur-ды елдегі ең құнды ұлттық брендтердің біріне айналдыруға бар күшімізді саламыз, - деп түйіндеді У И.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қытай – Орталық Азия» медиа форумы аясында «Қазақстан–Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» Басқарма төрағасы Қанат Бейсек Kazinform тілшісіне берген сұхбат берді. Онда ол күрделі әрі тез өзгеріп жатқан ақпарат дәуірінде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызына тоқталған болатын.