Қазақстанға жеткізілген керқұландар саны 17-ге жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Торғай даласын керқұландар қайта мекендей бастады. Жылқылар Прага хайуанаттар бағы мен мажар ұлттық паркінен жеткізілген. Бұл – «Жабайы жылқылардың оралуы» жобасы аясындағы екінші халықаралық тасымал. Жануарлар «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында, арнайы бейімдеу орталығында бір жыл ұсталады да, кейін табиғатқа жіберіледі.

Қазақстанға жеткізілген керқұландар саны 17-ге жетті
Фото: Александр Путилин/ АСБК

Қазақстан – керқұландардың тарихи мекені. Демек, тұяқтылардың Тұранның төсінде тарпуы заңдылық. Бұған таңғалуға болмайды. Чехия мен Мажарстаннан келген жабайы жылқылар «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватындағы бейімдеу орталығына орналастырылды. Қазір Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандары оларды зерттеп, бақылауда ұстап отыр.

Негізі, жастары 3-4-те. Жағдайы жақсы. Арнайы тексеруден өтіп, ұшақпен ұшуды көтере алатын жылқыларды таңдап, Қазақстанға жіберді. Енді біз оларды бір жыл көлемінде бейімдеу орталығында бақылаймыз, - дейді Қазақстанның биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының маманы Қанат Батырханұлы.

Керқұландар – кез келген климаттық жағдайға бейім. Айтпақшы, былтыр әкелінген 7 жылқының бірден жерсінуі осыған дәлел. Олар Қостанайдың қары мен Торғайдың тоңазыған аязына еш шімірікпепті. Табиғатта жануарлардың қозғалысын бақылап отыру үшін арнайы GPS-қарғыбау тағылады. Бұл – тұяқтыларға мониторинг жасау үшін де септігін тигізеді. Мамандардың сөзінше, елге келген керқұландар әлі төлдемеген. Бұған климаттың өзгеруі себеп болуы мүмкін екен.

– Ол жақта олар төлдеген. Бірақ бізге әкелінген жылқылар әлі төлдемей жатыр. Осы мамандардың айтуы бойынша олар жолдан соң, бір жылдан кейін үзіліс алып, содан кейін төл әкелуге дайындалады деп. Өздерінің сондай ерекшеліктері бар екен. Бізде әлі орталықта төлдеген жоқ. Бірақ төлдейді деп үміттенеміз, - дейді мамандар.

Айта кетейік, керқұландар Қазақстанға «Жабайы жылқылардың оралуы» жобасы аясында жеткізілді.

Негізінде Қазақ жерінде бұрын бұл жылқылар болған. Сондықтан оңай жерсінеді. «Жабайы жылқылардың оралуы» жобасы аясында осымен екінші рет Қазақстанға керқұлан жіберіп отырмыз. Сондай-ақ, былтыр Моңғолияға жібердік. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасады, - деп пікір білдірді Будапешт зообағының директоры Шош Ендре.

Мамандар 2029 жылға дейін Торғай даласында жануарлардың одан әрі көбейіп, тұрақты популяция түзуіне жағдай жасап жатыр. Ал жабайы жылқылардың санын 40–45 басқа жеткізу жоспарда бар.

Торғай даласында керқұландар қайта мекендей бастағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар