Қазақстаннан 150-ден астам спортшы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып жатыр
БІШКЕК. KAZINFORM - Қырғызстандағы «Бішкек Арена» стадионында өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан спортшылары шеруге қатысты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі хабарлайды.
Қазақстан ұлттық құрамасының ту ұстаушысы, көкпардан ұлттық команданың капитаны Құрманбек Тұрғанбек Бішкектегі Ойындардың ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
-VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Шараға 20-ға жуық мемлекеттің басшысы қатысып отырғанын және әлемнің 112 елінен спортшылар келгенін ерекше атап өткен жөн. Бүгін Қырғызстан Тәуелсіздік күнін атап өтіп жатыр. Бауырымыз қырғыз халқын мерекемен құттықтағым келеді, – деді Қазақстанның көкпардан ұлттық құрамасының капитаны Құрманбек Тұрғанбек.
Оның айтуынша, Қазақстан құрамасы 150-ден астам спортшыдан жасақталған.
Қазақстандық спортшылар Ойындар аясында спорттың 20 түрінен жарысқа қатысады.
Бұған дейін Қырғызстан астанасындағы жаңа «Бішкек Арена» стадионында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі басталғаны хабарланған болатын.
Оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған мемлекет басшылары және Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін келген бірқатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысып жатыр.