Қазақстаннан теннистен АҚШ ашық чемпионатына кімдер қатысатыны белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Теннистен АҚШ ашық чемпионатына қатысатын ойыншылар тізімі жарияланды.

Әйелдер арасында 24 тамыз – 6 қыркүйек аралығында өтетін «Үлкен дулыға» турнирінде Қазақстаннан Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева бақ сынайды.
Өткен жылы мұнда финалда америкалық Джессика Пегуланы 7:5, 7:5 есебімен ұтқан әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко жеңімпаз атанған болатын.
Ю.Путинцева үшінші, Е.Рыбакина екінші айналымнан аса алмаған еді.
Ерлер арасында жарыс 7 қыркүйекте мәресіне жетеді. Қазақстаннан Александр Бублик пен Александр Шевченко тізімге енгізілген.
2024 жылы әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнер қарсылас шақ келтірмеді. Ол соңғы бәсекеде америкалық Тейлор Фрицті 6:3, 6:4, 7:5 есебімен қапы қалдырды.
Өткен жылы А.Шевченко екінші айналымға дейін жетсе, А.Бублик пен Тимофей Скатов алғашқы кездесуінде-ақ сүрінген еді.
Қазақстан теннис федерациясынан алынған мәліметке қарағанда, Бейбіт Жұқаев, Дмитрий Попко, Тимофей Скатов және Михаил Кукушкин іріктеу сайыстарынан негізгі жарысқа өтуге тырысады. Сонымен қатар Зарина Дияс та іріктеуге қатысып қалуы мүмкін.
Бұл биылғы соңғы «Үлкен дулыға» турнирі болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Швейцариядағы турнирде Александр Шевченконың отандасымен ойнайтынын жазған едік.