Қазақстанның астық пен ұн экспорты 12 млн тоннадан асты

АСТАНА. KAZINFORM - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың мамырына дейінгі кезеңде астық пен ұнды экспорттау астық эквивалентінде 12,2 млн тоннаға жетті.

Экспорт казахстанского зерна и муки превысил 12 млн тонн
Фото: ҚР АШМ

ҚР Ауыл шаруашылығы минстрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға артық, ол кезде шетелге 10,7 млн тонна жөнелтілген.

Өсімнің негізгі драйверлері Орталық Азия аймағындағы дәстүрлі импорттаушы елдер мен Ауғанстан болды.

Атап айтқанда, Өзбекстанға экспорт 38%-ға өсіп, 3,6 млн тоннадан 5 млн тоннаға жетті, Қырғызстанға – 1,5 есе артып, 312 мың тоннадан 474 мың тоннаға дейін өсті, Ауғанстанға – 58%-ға көбейіп, 1,3 млн тоннадан 2 млн тоннаға жетті. Түрікменстан 197 мың тонна импорттады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 44%-ға жоғары (137 мың тонна).

-Жүк тасымалы бойынша оң статистика қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне жоғары сұранысты және оңтүстік бағыттағы логистикалық дәліздердің тұрақты жұмыс істеуін растайды, сондай-ақ экспорттық логистиканы дамыту мен шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін дәлелдейді,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Азық-түлік келісімшарт корпорациясының 47,5 млрд теңгеге 380 мың тонна астық сатқаны туралы жаздық.