Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперативтер құруға негіз бар - депутат

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы – стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет соңғы жылдары бұл саланы дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров айтты.

Айдарбек Қожаназаров
Фото: Дамир Ерубаев

- Президенттің бүгінгі сұхбатында айтқанындай, ауыл шаруашылығына көрсетіліп жатқан қолдау көлемі өсіп, егін шаруашылығы айтарлықтай нәтижелерге жетті. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге көтеріліп, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейді.

Дегенмен, тек қомақты қаржы бөлу жеткіліксіз. Қолдаудың тиімділігін арттыру, мал шаруашылығын дамыту және шаруашылықтарды кооперация арқылы біріктіру маңызды.

Президент атап өткендей, Қазақстан мал өнімдерін өндіру және экспорттау әлеуетіне ие. Әлемде ет тұтыну өсіп, импорт көлемі артатынын ескере отырып, Қазақстан Азия нарығына ірі ет экспорттаушыға айналу мүмкіндігі бар, - деді депутат.

Оның пайымынша, кооперацияны дамыту – ауыл шаруашылығының сапалық өсіміне, шағын және орта шаруашылықтардың тұрақты дамуына бағытталған дұрыс стратегия.

- Бұл еңбек өнімділігін арттырып, өңделген өнімді нарыққа шығару мен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндік береді. Қаражаттың дұрыс әрі мақсатты жұмсалуы, сондай-ақ шаруаларға жағдай жасау – саладағы басты міндеттердің бірі.

Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперативтер құруға негіз бар, және бұл бағытта түсіндіру мен ұйымдастыру жұмыстары күшейтілуі тиіс. Бұл тек экономика үшін ғана емес, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға да жол ашады, - деді Айдарбек Қожаназаров.

Айта кетейік, бүгін Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған басылымның бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбаты жарияланды.

Соңғы жаңалықтар