Бірқатар өңірде 40 градусқа дейін аптап ыстық, найзағай мен дауыл күтіледі
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК 2026 жылғы 5 тамызға арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталып, кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсіп, екпінді жел соғады.
Түркістан, Алматы, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Абай, Жамбыл, Павлодар, Ақмола және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Өскемен, Семей, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Көкшетау және басқа да қалаларда жаңбыр, найзағай, кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ пен дауыл күтіледі. Желдің екпіні секундына 15–28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Маңғыстау облысында күндіз ауа температурасы +38...+40 градусқа дейін көтеріледі. Атырау облысында +35...+37 градус, Ақтөбе облысының батысы мен оңтүстігінде +35 градусқа дейін аптап ыстық болады.
Сонымен қатар Түркістан, Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Абай, Жамбыл, Ақмола, Ұлытау және басқа да өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Бұған дейін синоптиктер Астана, Алматы және Шымкент қалаларына арналған алдағы үш күннің ауа райы болжамын жаңартқан болатын. Оған сәйкес, 5–7 тамыз аралығында елдің кей өңірлерінде жаңбыр жауады.
Айта кетейік, тамызда елдің оңтүстігі мен батысында негізінен ыстық, ал солтүстік жартысында жаңбырлы, найзағайлы әрі салыстырмалы түрде салқындау ауа райы қалыптасады.