Қазақстанның Dota 2 құрамасы басты қарсыластарын атады
АСТАНА. KAZINFORM — Болашақ ойындары аясында өтіп жатқан Dota 2 турнирінде Қазақстан атынан тек Rune Eaters командасы қатысып жатыр.
Команда өкілі Мади Өтегеновтің айтуынша, қазақстандық ұжым турнирге іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, елдің жалғыз толық қазақстандық құрамасы ретінде қатысып отыр.
— Біз Қазақстанның туын халықаралық аренада қорғап жатырмыз. Ең кемі үздік үштікке енуді мақсат етіп отырмыз. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылған, барлығы көңілімізден шығып жатыр, — деді ол.
Оның сөзінше, жарысқа барлығы 16 команда қатысады. Командалар төрт топқа бөлінген.
Мади Өтегенов негізгі қарсыластар ретінде Қытайдың мықты топтарын атады.
— Ең қауіпті қарсыластардың бірі — Xtreme Gaming. Жалпы Қытайдың Dota мектебі әрдайым өте мықты саналады. Біз бұрыннан соларға қарап өстік. Қазір олармен тең дәрежеде бәсекелесіп, өзіміздің де мықты екенімізді дәлелдеуге тырысамыз, — деді команда өкілі.
Команданың айтуынша, Болашақ ойындарына дайындыққа бұған дейінгі халықаралық жарыстар тәжірибесі көмектескен. Қазақстандық ойыншылар жақында Esports World Cup турниріне қатысып, 5-8 орын иеленген.
Rune Eaters құрамасы Қазақстанның бірнеше өңірінен жиналған ойыншылардан құралған. Команда сапында Павлодар, Шымкент, Алматы және Өскемен қалаларының өкілдері бар. Әр ойыншы керри, мидер, оффлейнер және екі саппорт бойынша өз өнер көрсетеді.
Мади Өтегеновтің айтуынша, мұндай деңгейдегі Dota 2 жарыстары Қазақстанда сирек өткізіледі.
— Бұл — Қазақстанда ұйымдастырылып отырған ең ірі Dota 2 турнирлерінің бірі. Counter-Strike бойынша мұндай жарыстар жиі өтеді, ал Dota 2 үшін бұл ерекше оқиға. Сондықтан Қазақстанның атынан жалғыз құраманың қатысып отырғанына қуаныштымыз, — деді ол.
Сонымен қатар Rune Eaters ұйымының Dota 2 құрамасынан бөлек Counter-Strike және Mobile Legends бағыттары бойынша да жеке командалары бар. Алайда бұл құрамдар бір-бірінен тәуелсіз өнер көрсетеді.
Команда өкілінің мәліметінше, ойыншылардың жасы 20 мен 27 жас аралығында. Олар Болашақ ойындарында Қазақстанның киберспорттағы әлеуетін көрсетіп, халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.
Айта кетейік, бұған дейін, бас төреші Phygital баскетболдың ережесін түсіндірген еді.