Еңбек нарығы: қазан айында сұраныс пен ұсыныс теңесіп, әлеуметтік сектор көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазан айында Қазақстанның еңбек нарығында маусымдық бәсеңдеу байқалғанымен, құрылымдық тұрақтылық сақталды. Enbek.kz деректері білім беру, қызмет көрсету және денсаулық сақтау салаларының жұмыс орындары бойынша көшбасшы екенін көрсетті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Еңбек нарығындағы жағдай
Фото: gov.kz

 

— 2025 жылғы қазан айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер тарапынан 132 мың бос жұмыс орны мен 114,1 мың түйіндеме жарияланды. Қыркүйек айымен салыстырғанда сұраныс 4,5%-ға (-6,2 мың), ал ұсыныс 12,6%-ға (-16,5 мың) төмендеді. Белсенділіктің біршама төмендеуіне қарамастан, еңбек нарығы тұрақтылығын сақтап отыр, ал сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы теңгерімді күйде қалып отыр, — делінген хабарламада.

Министрліктің дерегінше, бос жұмыс орындарының саны бойынша білім беру саласы көш бастап тұр — 41,1 мың (31%), одан кейін әртүрлі қызмет көрсету түрлері — 17,5 мың (13%) және денсаулық сақтау мен халықты әлеуметтік қорғау саласы — 11,7 мың (9%). Бұл салалар жиынтық түрде барлық бос орындардың шамамен жартысын құрап, әлеуметтік сектордың жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудегі маңызды рөлін айқындайды.

Қазан айында жұмыс берушілер көбіне орта деңгейлі біліктілікке ие мамандарды іздеді — 64,4 мың бос орын. Бұдан сәл аз — жоғары білікті (34,7 мың) және біліктілігі жоқ (32,9 мың) мамандарға арналған орындар болды. Ізденушілер жағынан да осындай үрдіс байқалды: орта біліктілік деңгейіндегі 47,7 мың, жоғары біліктіліктегі 40,6 мың және төмен біліктіліктегі 25,8 мың түйіндеме орналастырылды. Бұл еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс құрылымының теңескенін және біліктілік деңгейлері бойынша айқын теңсіздіктің жоқ екенін көрсетеді.

Қазан айында сондай-ақ сұраныс пен ұсыныс деңгейінің өңірлер бойынша сәйкестігі байқалды: жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің белсенділігі біркелкі бөлініп, бұл еңбек нарығының өңірлік құрылымының тұрақтанғанын көрсетеді. Ең көп бос жұмыс орындары Түркістан облысында (12 мың), Астана қаласында (11,4 мың) және Жамбыл облысында (8,8 мың) жарияланған. Ал түйіндемелер саны бойынша көшбасшылар қатарында Түркістан облысы (13,4 мың), Астана қаласы (9,1 мың) және Қызылорда облысы (8,3 мың) тұр.

— Жас құрылымы тұрғысынан барлық түйіндемелердің жартысына жуығы (51,4 мың немесе 45%) 34 жасқа дейінгі азаматтар тарапынан орналастырылған. 35–44 жас аралығындағы ізденушілер 26% (29,2 мың), 45–54 жас аралығындағы топ 19% (21,8 мың), ал 55 жастан асқандар 10% (11,7 мың) үлесті құрады. Әйелдер дәстүрлі түрде белсендірек болып қала береді — олардың үлесіне барлық түйіндемелердің 52%-ы тиесілі, — деп хабарлады ведомстводан.

Қазан айында ең көп сұранысқа ие мамандықтардың қатарында жоғары біліктілік талап ететін қызметтер: тәрбиешілер (1,8 мың бос орын), бухгалтерлер (1,1 мың) және математика мұғалімдері (1 мың) басым болды. Орта деңгейлі мамандар арасында қазандық операторлары (6,9 мың), егін өсірушілер (2,2 мың) және медбикелер (1,9 мың) ерекше сұранысқа ие болды. Ізденушілер жағынан да ұқсас құрылым байқалды: жоғары білікті мамандар арасында ең жиі орналастырылған түйіндемелер бухгалтер (2,2 мың), заңгер (1,6 мың) және тәрбиеші (1,6 мың) мамандықтарына тиесілі. Орта біліктілік деңгейіндегі мамандардың ішінде қазандық операторлары (3,7 мың), медбикелер (1,9 мың) және автокөлік жүргізушілері (1,6 мың) бойынша түйіндемелер жиі кездесті.

Жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары еңбекақы деңгейлері өндіріс бастығының орынбасары (~1 млн теңге), компьютерлік ойындар дизайнері (~990 мың теңге) және омбудсмен (~990 мың теңге) лауазымдары бойынша тіркелді. Ал ең жоғары еңбекақы күтулері коммерциялық әуе лайнерінің ұшқышы (~2,8 млн теңге), өрттің алдын алу және сөндіру жөніндегі кенші (~2 млн теңге) және басқарма төрағасының орынбасары (~1,8 млн теңге) мамандықтарында байқалды. Ұсынылған және күтілетін еңбекақы деңгейлері арасындағы алшақтық әлі де сақталады, әсіресе басқарушылық және техникалық сегменттерде.

Жалпы алғанда, қазан айында еңбек нарығы тұрақтылығын көрсетті: сұраныс пен ұсыныс өңірлер және біліктілік деңгейлері бойынша біркелкі бөлінді. Әлеуметтік бағыттағы салалар (білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету) жұмыспен қамту құрылымында негізгі рөлін сақтап отыр. Көрсеткіштердің шамалы ауытқуы еңбек нарығының жазғы маусымнан кейін тұрақтанғанын және сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдіктің қалыптасқанын білдіреді.

Бұған дейін хабарланғандай, 25 мыңнан астам мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылды.

Соңғы жаңалықтар