Қазақстанның энергетикалық жүйесі қалай өзгеруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан бір мезгілде екі маңызды мақсатты қатар шешуге ұмтылып отыр. Ол – елдің энергетикалық қауіпсіздігін сақтау мен 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу. Қос міндеттің тоғысқан тұсында көмірдің болашақтағы рөлі қалай құбылуы мүмкін? Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге талдады.
Көмірден бас тартуға не кедергі?
Қазақстан көмір қоры мен оны өндіру көлемі бойынша әлемнің жетекші он елінің қатарына кіреді. ҚР Энергетика министрлігінің ішкі көрсеткіштеріне сәйкес, елдегі расталған қор - шамамен 33,6 млрд тонна.
Бұл қазіргі тұтыну деңгейінде елді бірнеше жүз жыл бойы отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан көмір еліміз үшін тек табиғи ресурс емес, энергетикалық қауіпсіздіктің маңызды кепілі саналады.
Алайда оның стратегиялық маңызы тек мол қорымен шектелмейді. Соңғы жылдары электр энергиясына сұраныстың тұрақты өсуі де ресурстың рөлін күшейтіп отыр. Бұған жаңа өндірістердің іске қосылуы, цифрлық инфрақұрылымның дамуы, дата-орталықтардың көбеюі мен экономиканың жалпы өсімі әсер етіп отыр.
ҚР Энергетика министрінің кеңесшісі Әсел Серікпаеваның айтуынша, осы өзгерістерді ескере отырып, жаңа генерация қуаттарын алдын ала жоспарлау қажет.
— Өзгерістер айқын. Бұрын негізгі жүктемені дәстүрлі өнеркәсіп салалары қалыптастырса, қазір оларға дата-орталықтар, цифрлық инфрақұрылым мен үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істейтін кәсіпорындар қосылып жатыр. Мұндай нысандар үшін электр энергиясының үздіксіз берілуі аса маңызды. Сондықтан біз қазір он немесе он бес жылдан кейін не болатынын ойлауымыз керек. Егер тапшылық туындаған сәтті күтсек, тым кеш болады. Сол себепті қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және жаңа жобаларды дайындау қатар жүргізіліп жатыр, — дейді спикер.
Осыған байланысты сарапшылар Қазақстан үшін жақын жылдары көмірден толық бас тарту мүмкін емес екенін айтады. Себебі көмір күн райына тәуелсіз жұмыс істейтін және электр жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін базалық энергия көзі болып қала береді.
— Газ станцияларының енгізілуі, жаңартылатын энергия көздерінің дамуы және атом энергетикасының пайда болуы нәтижесінде көмірдің үлесі біртіндеп азаяды. Бірақ бұл процесс энергетикалық қауіпсіздікке зиян келтірмейтіндей және экономикалық тұрғыдан негізделген болуы тиіс, — дейді Әсел Серікпаева.
«Таза көмір»: экология мен энергетика арасындағы тепе-теңдік
Көмірдің энергетикадағы орны маңызды болғанымен, оның қоршаған ортаға әсері де өзекті мәселе. Сондықтан бүгінде негізгі міндет көмірден бірден бас тарту емес, оның экологиялық тиімділігін арттыру болып отыр.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдегендей, еліміздегі барлық ластаушы зат шығарындыларының шамамен 39 пайызы энергетика саласына тиесілі. Ең жоғары көрсеткіш Павлодар облысында тіркелген. Мұнда негізгі ластаушы көздер — Екібастұз МАЭС-1, МАЭС-2. Сонымен қатар Алматы қаласында да ауа сапасы өзекті мәселелердің бірі ретінде қалып отыр.
Осыған байланысты Үкімет көмір генерациясын жаңғыртуға басымдық беріп отыр. Энергетика министрлігі әзірлеп жатқан ұлттық жоба аясында шамамен 7,6 ГВт жаңа көмір генерациясын іске қосу жоспарланған. Оның ішінде Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын, сондай-ақ Курчатов пен Екібастұзда жаңа электр станцияларын салу көзделген. Жаңа нысандар «таза көмір» технологиялары негізінде салынып, түтін газдарын тазартудың заманауи жүйелерімен, шаң сүзгілерімен және көмірқышқыл газын ұстау технологияларымен жабдықталады. Сонымен бірге қолданыстағы станцияларды жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр.
— Жұмыс бірнеше бағытта жүргізіледі. Ең алдымен жабдықтарды жаңғырту және шығарындыларды тазартудың заманауи жүйелерін енгізу қолға алынған. Бірақ көптеген ЖЭО ондаған жыл бұрын салынғандықтан, кей жағдайда оларды жаңғырту жаңа станция салумен бірдей күрделі. Оның үстіне кейбір нысандар тығыз құрылыс аумағында орналасқан. Сондықтан мұндай жобалар уақыт пен ауқымды инвестицияны талап етеді, — дейді Әсел Серікпаева.
Сонымен қатар министрлік көмір энергетикасынан шығатын күл қалдықтарын қайта өңдеу үлесін арттыруды көздеп отыр. Әлемдік тәжірибеде мұндай қалдықтар құрылыс материалдарын өндіруде, жол құрылысында және басқа да салаларда кеңінен пайдаланылады.
Бұған дейін «таза көмір» технологиясы туралы жазған едік.
Қазақстан үшін қай тәжірибе тиімді?
Көмір генерациясын жаңғыртуда әлемдік тәжірибе де маңызды. Дегенмен сарапшылар Қазақстанның энергетикалық жүйесін басқа мемлекеттердің тәжірибесімен тікелей салыстыруға болмайтынын айтады.
«Атамекен» ҰКП басқарушы директоры, еліміздің еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушевтің пікірінше, Қазақстан үшін энергетикалық қауіпсіздік мәселесі бірінші орында.
— Бізде экономиканың құрылымы басқа және энергияны көп қажет ететін өндірістердің үлесі жоғары. Газ барлық өңірге жетпеген, жаңартылатын энергия көздері резервтік қуаттарды қажет етеді, ал атом энергетикасы ұзақ инвестициялық циклмен ерекшеленеді. Сондықтан Қазақстан үшін ең дұрыс жол — энергетикалық теңгерімді кезең-кезеңімен өзгерту, — дейді ол.
Оның айтуынша, көптеген ел көмірден бірден емес, кезең-кезеңімен бас тартып келеді.
Мәселен, Қытай жаңартылатын энергия көздері мен атом энергетикасын дамыта отырып, көмірді энергетикалық жүйенің сенімділік элементі ретінде сақтап отыр. Польша көмір өңірлерін әлеуметтік қолдауға басымдық берсе, Германия тәжірибесі энергетикалық реформаларды экономикалық есепсіз жүргізу тарифтердің өсуіне әкелуі мүмкін екенін көрсетті.
— Сондықтан Қазақстан үшін ең тиімді жол — көмірден толық бас тарту емес, тиімді жұмыс істейтін станцияларды жаңғыртып, ескі қуаттарды кезең-кезеңімен шығару және олардың орнын газ, атом энергетикасы мен жаңартылатын энергия көздерімен алмастыру. Осындай теңгерімді тәсіл ғана энергетикалық қауіпсіздікті сақтай отырып, шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді, — деп санайды Жақып Хайрушев.
Энергетикадағы жаңа басымдықтар
Сарапшылардың бағалауынша, алдағы онжылдықта Қазақстанның энергетикалық жүйесі біртіндеп әртараптана түседі. Газ генерациясының үлесі артып, жаңартылатын энергия көздері мен атом энергетикасы дамиды. Сонымен қатар Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру секілді жобалар ірі қалалардағы ауа сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Соған қарамастан көмір алдағы 10–15 жылда да базалық генерацияның маңызды бөлігі болып қала береді. Оның үлесі жаңа қуаттар толық іске қосылғаннан кейін ғана біртіндеп төмендейді.
— Егер көмір генерациясын алмастыратын қуаттар дайын болмай тұрып қысқартсақ, электр энергиясының құны өседі, импортқа тәуелділік күшейеді және өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Сондықтан энергетикалық өтпелі кезең ең алдымен қауіпсіз әрі жоспарлы болуы керек, — дейді Жақып Хайрушев.
Осылайша сарапшылар Қазақстан үшін ең тиімді шешім аралас энергетикалық модель екеніне тоқталады. Бұл көмірден бірден бас тартуды емес, оны газ, атом энергетикасы және жаңартылатын энергия көздерімен кезең-кезеңімен толықтыруды көздейді. Мұндай тәсіл энергетикалық қауіпсіздікті сақтай отырып, шығарындыларды біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді әрі елдің энергетикалық жүйесін ұзақ мерзімде тұрақты дамытуға негіз қалайды.