Қазақстанның Иранға агроөнеркәсіп өнімдері экспорты 97 пайызға өсті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Өткен жылы Қазақстанның Иранға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 97 пайызға артып, 238,5 млн АҚШ долларына жетті.

в
Фото: АШМ

Бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Иран Ислам Республикасының Өнеркәсіп, кен өндіру және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабак арасындағы кездесуде талқыланды.

Тараптар агроөнеркәсіптік кешендегі әріптестікті кеңейту, өзара сауда көлемін ұлғайту және инвестициялық байланыстарды нығайту мәселелеріне назар аударды.

– Қазақстан Иранмен аграрлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән береді. Біздің өнімдеріміз бірін-бірі толықтырып отырады, оған жыл сайынғы тұрақты өсім нақты дәлел, – деді Айдарбек Сапаров.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы агроөнеркәсіп саласындағы тауар айналымы 55,8 пайызға өсіп, 342 млн АҚШ долларын құрады. Бұл екіжақты сауданың жалпы көлемінің 79 пайызына тең.

Қазақстандық астық экспорты да айтарлықтай өскен.

– Астық жеткізу көлемі екі еседен астам артып, 1,1 млн тоннаға жетті. Оның құны 225,3 млн АҚШ долларын құрады, – делінген хабарламада.

Кездесу барысында Иранға астық экспортын одан әрі ұлғайту, сондай-ақ халықаралық ветеринариялық және халал талаптарға сай сиыр және қой етін жеткізу мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар өсімдік майлары мен өзге де азық-түлік өнімдерін Иран нарығына шығару әлеуеті жоғары екені атап өтілді.

Өз кезегінде Сейед Мохаммад Атабак Иранның Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін айтты.

– Қазақстан – Иранның өңірдегі маңызды серіктестерінің бірі. Біз өзара тауар айналымын арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тасымалын кеңейтуге, логистикалық бағыттарды дамытуға және агроөнеркәсіптік кооперация жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытамыз, – деді ирандық министр.

Кездесуде инвестициялық ынтымақтастық мәселелері де көтерілді.

Айдарбек Сапаров ирандық инвесторларды Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және терең өңдеу жобаларына, әсіресе астық пен майлы дақылдарды өңдеу саласына қатысуға шақырды.

Кездесу қорытындысында тараптар агроөнеркәсіптік кешеннің барлық негізгі бағыттары бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Моңғолия аграрлық ғылым саласында ынтымақтастықты күшейтеді.