Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанның кредиттік рейтингі 10 жылда алғаш рет «BBB» деңгейіне көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — S&P Global Ratings Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне көтерді. Бұл — елдің 2016 жылдан бері жеткен ең жоғары көрсеткіші. Агенттік Қазақстан экономикасының орнықтылығын, инвестициялық әлеуетін және қаржылық буферлерінің жеткіліктілігін атап өтті. Бұл туралы Экономика министрлігі мәлім етті.

Қазақстанның кредиттік рейтингі 10 жылда алғаш рет «BBB» деңгейіне көтерілді
Фото: Экономика министрлігі

S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне дейін көтерді. Агенттіктің шәкілі бойынша рейтингтің осы деңгейіне 2016 жылдан бері алғаш рет қол жеткізіліп отыр.

Тәуелсіз кредиттік рейтингтің көтерілуі елдің экономикалық дамуының орнықты перспективаларын, экономиканың әртараптандырылуы жалғасып жатқанын әрі сыртқы және фискалдық буферлердің айтарлықтай жинақталғанын көрсетеді.

Агенттіктің бағалауы бойынша, Қазақстанның экономикасы сыртқы сын-қатерлерге және әлемдік тауар нарықтарындағы бағаның құбылмалылығына қарамастан, орнықты болып қалады және орта мерзімді перспективада өсуді жалғастырады.

Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,1%-ды құрайды, болашақта Қазақстанның экономикасы мұнай экспорттаушы елдер арасында салыстырмалы түрде жоғары қарқынмен өсетін болады. S&P экономиканы әртараптандыруға бағытталып, іске асырылып жатқан ауқымды инвестициялық бағдарламаның рөлін атап өтеді.

Шикізат өңдеуді және инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ арқылы дамыту жөніндегі жобалардың қаржыландырылуы келешекте инвестициялар деңгейін ЖІӨ-нің 30%-на дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. S&P пікірінше, бюджет шығыстарының қалыпты қарқынмен өсуі және салықтық базаны кеңейту жөніндегі шаралар бюджет тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан валюталық активтерінің мөлшері сыртқы борышының қалыпты көлемінен асатындай едәуір мөлшерде болғанда, сыртқы кредитор ретінде мықты позициясын сақтайды. Сондай-ақ, агенттік банк секторының макроэкономикалық күйзелістерге орнықтылығын атап өтті.

Реттеу және қадағалау жөніндегі саясаттың біртіндеп жетілдірілуі банк секторының орнықтылығының артуына және активтер сапасына байланысты жүйелік тәуекелдердің төмендеуіне ықпал етті. Бұның алдында елдің тәуелсіз кредиттік рейтингі «BBB-» деңгейінде болған.

Айта кетейік, маусым айында Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде растаған болатын.