Қазақстанның Құрметті журналисі Жанұзақ Аязбеков өмірден озды
АСТАНА. KAZINFORM — Жазушы, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілі, Қазақстанның Құрметті журналисі Жанұзақ Аязбеков дүниеден өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жанұзақ Аязбековтің дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен барша оқырман қауымға қайғыра көңіл айтты.
— Жанұзақ Аязбеков саналы ғұмырын қазақ журналистикасы мен әдебиетінің дамуына арнап, тағылымды туындыларымен оқырман ықыласына бөленді. Еңбек жолын Қостанай облыстық телерадио комитетінде бастап, өңірлік радио мен баспасөз саласында жауапты қызметтер атқарды. Кәсіби білімі мен мол тәжірибесін елдік мүддеге жұмсаған азаматтың журналистика мен руханият саласындағы еңбегі әрдайым жоғары бағаланды. Жанұзақ Аязбековтің жарқын бейнесі, ғибратты ғұмыр жолы мен артында қалдырған шығармашылық мұрасы ел есінде сақталады. Марқұмның жаны жәннаттан жай тауып, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! — делінген министрлік хабарламасында.
Бұған дейін Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев дүниеден озғанын жазғанбыз.