Қазақстанның мұнай экспортында Италияның үлесі 42 пайыздан асты – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропаның біртіндеп ресейлік мұнайдан бас тартып жатқанын ескерсек, алдағы уақытта қазақ «қара алтынының» ЕО-ға тасымалы ұлғая түспек. Бұл ретте стратегиялық серіктеске айналған Италияға жөнелтілетін мұнай көлемі шешуші рөл атқаратыны белгілі.

Жанар Берікқызы
Фото: Жанар Берікқызының жеке архивінен

Осы ретте Экономикалық зерттеулер институты Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының сарапшысы Жанар Берікқызы екі елдің шикізат сауда-саттығына қатысты болжамымен бөлісті.

Еуропаға тасымалданатын отандық мұнайдың басым дені Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтеді, яғни аталған экспорттық бағытқа жалпы тасымалдың 80 пайыздан астамы тәуелді. Жанар Берікқызының айтуына қарағанда, Қазақстан қазір балама жолды іздеуге мәжбүр.

– Ресей тарапынан оқтын-оқтын орын алған шектеулерге байланысты Қазақстан баламалы бағыттарды белсенді түрде дамытуда. 2025 жылы Баку-Тбилиси-Джейхан (BTC) құбыры арқылы жеткізу жаңартылып, осы бағытта экспорт көлемін жылына 1,7 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл Қара теңіздегі ресейлік порттарға тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді, – деп тарқатты сарапшы.

Итальяндық Eni компаниясы Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы консорциумда жұмыс істейді. Экологиялық айыппұлдар мен Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыты жобасының тоқтағанына қарамастан, Италия мұнай-газ саласындағы басты стратегиялық серіктес бірі болып қалды.

– Қазақстанның мұнай экспортында Италияның үлесі 42,8 пайызға жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай экспортын әлі де ұлғайтуға дайын екенін айтқанын білеміз. Бұл екі тараптың да мүддесіне сай. Еуропаның энергетиканы қайта бағдарлау жоспарында орта мерзімді перспективада Қазақстан тұр. Ресейді айналып өтіп, көлік инфрақұрылымын дамыту арқылы итальяндық және басқа еуропалық нарықта қазақ мұнайын көбейтуге болады. Осылайша, Қазақстан мен Италия арасындағы мұнай-газ саласындағы әріптестік Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігінде елеулі орынға ие, – деп түйіндеді Ж.Берікқызы.

Осыған дейін Қазақстан мен Италия іскер топтардың байланысын нығайтатыны туралы жаздық. 

 

Соңғы жаңалықтар