Қазақстанның Сыртқы істер министрі Швейцарияға ресми сапармен барады

АСТАНА. KAZINFORM — 2 желтоқсанда Швейцария тарапының шақыруымен Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Швейцария Конфедерациясына ресми сапар жасайды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Швейцарияға ресми сапармен барады
Коллаж: Kazinform

Сапар аясында Швейцарияның вице-президенті, Экономика, білім және зерттеулер федералды департаментінің басшысы Ги Пармеланмен, сондай-ақ Швейцарияның Сыртқы істер Федералды департаментінің басшысы Иньяцио Кассиспен келіссөздер жоспарланған.

— Кездесулер барысында тараптар Қазақстан-Швейцария екіжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелерін қарастырады және 2026 жылы Швейцарияның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында алдағы төрағалығы аясында көпжақты күн тәртібінің негізгі аспектілері бойынша пікір алмасады. Оған қоса, Швейцарияның жетекші іскер топтарының өкілдерімен кездесулер жоспарланып отыр, — деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров.

Сонымен бірге, 28 қарашада Швейцария конфедерациясының Вице-президенті Ги Пармеланның «Қазақстан-Швейцария» іскерлік кеңесінің 5-ші отырысына қатысуы шеңберінде жұмыс сапары өтеді.

Іскерлік кеңес «Қазақстан темір жолы» АҚ және «Stadler Rail» төрағалығымен өтеді. Шараға жетекші швейцариялық және қазақстандық компаниялар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысады. Тараптар экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын және бірлескен жобаларды іске асыруды талқылайды.

Айта кетейік, 1 желтоқсанда Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстан — ЕО ынтымақтастық кеңесінің ХХІІ отырысына қатысу үшін Брюссельге сапармен барады.

Бұған дейін ҚР СІМ өкілі Еуропаға виза талабын жеңілдету жұмысы күн сайын жүріп жатқанын айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар