Қазақстанның Статимен соттасуға қанша ақша жұмсағаны беймәлім күйінде қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Стати ісі бойынша Қазақстанның «Болашақ Консалтинг» компаниясымен жұмыс істемейтінін айтты.

стати
Kazinform коллажы

«Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев қамауға алынған соң Стати ісі бойынша қосымша тексеру жүргізілді ме және оған қанша қаражат жұмсалып жатыр? Депутат Азат Перуашев „Болашақ Консалтинг“ қызметіне еліміз жылына 60 млн доллар төлейтінін айтқан болатын», — деп сұрақ қойды тілшілер министрлікте өткен брифингте.

Өз кезегінде ресми өкіл Әділет министрлігі бір жылдан астам уақыт бойы «Болашақ Консалтинг» компаниясымен жұмыс істемейтінін айтты. 

«Стати ісіне қатысты барлық юрисдикцияларда, халықаралық төреліктерде министрлік мемлекет мүддеcін қорғау үшін тиісті іс-шараларды жүргізеді. Соттың мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді», — деді Талғат Уәли.

Сондай-ақ, спикер бұл іс үшін арнайы бюджет қаражаты қарастырылмайтынын жеткізді. Барлық халықаралық сот істеріне жалпы қаржы бөлінеді. 

Бұған дейін Қазақстанның халықаралық сот істеріне жұмсалатын шығынды қысқартатыны хабарланған еді.

2021 жылға бөлінген бюджет 25,6 миллиард теңге болса, 2024 жылға арналған бюджет — 8 миллиард теңге болды.

Соңғы жаңалықтар