Қазақстанның теңіз флотына арналған жаңа заңның салаға төндіретін қаупі қандай
АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстан Әлем мұхитына шығар жолы жоқ елдердің қатарында болғанына қарамастан, Каспий теңізі аймағында теңіз саласын дамытып келе жатқан ірі мемлекет.
Қазақстанның ұлттық флоты 25 жылдан астам уақыт бойы жүк тасымалын Ақтау және Құрық порттары арқылы жүзеге асырып келеді. Алайда, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Сауда кемелері туралы заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа заң талабы бойынша кемелердің экипаждары тек Қазақстан азаматтарынан жасақталуы тиіс.
Теңізші мамандығы халықаралық сипатқа ие болғандықтан, аталған талапқа қатысты басы ашық бірқатар сұрақтар туындайды. Себебі салада жұмыс істеу үшін әмбебап дағдылар, тәжірибе және біліктілік қажет. Аталған мүмкіндіктерді көп жағдайда халықаралық ынтымақтастық арқылы ғана алуға болады. Сонымен қатар, теңіз тасымалы, навигация және кеме қатынасы жаһандық логистикамен және елдер арасындағы ынтымақтастықпен тығыз байланысты.
Мәселен, Қазақстанда шетел азаматы біліктілігі талаптарға сай келсе, ұшқыш болып жұмыс істей алады. Бұл мамандық та халықаралық сипатқа ие. Дәл осындай тәсілді теңіз саласындағы мамандықтарға да қолдану қажет.

Теңізшілер мен ұшқыштар жаһандық тасымал және сауда жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Олар елдер мен мәдениеттерді біріктіретін халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейді. Бұл тәжірибе жеке мамандарды да, тұтас салаларды да дамыту үшін баға жетпес құндылыққа ие.
Cала сарапшыларының айтуынша, қазіргі уақытта экипаждарды толықтай қазақстандық теңізшілермен қамтамасыз ету мүмкін емес. Ұлттық кадрларды даярлауға салынып жатқан күш-жігерге қарамастан, Қазақстанға мамандар тапшылығын толығымен шешу үшін қосымша уақыт пен ресурстар қажет.
Айта кететіні, 2025 жылы елде теңіз кадрларын даярлау бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Төрт жылдық бағдарламаға қазақстандық, сондай-ақ, шетелдік абитуриенттерде қатыса алады. Бағдарлама мақсаты – Қазақстанның сауда флотына арналған білікті мамандарды даярлау, әрі табысты мансаптық өсуге қолайлы жағдай жасау.
Жүк экспортын тоқтатпай, Қазақстанның теңіз саласын тиімді дамыту үшін «Сауда кемелері туралы» заң талаптарын қайта қарау маңызды. «Экипаж құрамының 100%-ы қазақстандық болуы тиіс» деген шартты алып тастау – еліміздің әлемдік теңіз логистикасы жүйесіне кіруі мен ұлттық кадрларды дамыту бағытын сақтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстан Орталық дәлізді белсенді түрде дамытып, Еуразияның логистикалық хабына айналып келеді. Бұл әлеуетті барынша тиімді пайдалану үшін заңнамалық шектеулер халықаралық ынтымақтастықты тежемей, керісінше, қолдауға бағытталуы қажет.