Қазақстанның цифрландыру және роботтандыру саласында әлеуеті зор – вице-министр

АСТАНА.KAZINFORM - Бұл секторда жетістікке жетіп жүрген дарынды оқушыларды болашақта отандық өндіріске тарту қажет. Бұл жөнінде ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді.

вице-министр
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Еліміздегі мектептерде 1800-ден астам робототехника кабинеті жұмыс істеп тұр. Онда елу мыңнан астам оқушы арнайы білім алып жатыр. Мұндай жобалар жемісін беріп келеді. Қазақстандық оқушылар 2022 жылдан бастап 4 жыл қатарынан робототехникадан әлем чемпионы атанды. Басқа ешбір ел мұндай жетістікке жете алған жоқ. Демек, Қазақстанның бұл салада әлеуеті зор. Енді дарынды жасөспірімдерді тиісті жоғары білім алуға бағыттап, олардың елде қалуына, отандық өндірісті дамытуына жағдай жасау керек, – деді Р.Коняшкин.

Айта кетейік бұған дейін машина жасау саласындағы келесі қадамдар цифрландыру, роботтандыру және ЖИ енгізу екенін жазғанбыз.