Қазақстанның цифрлық трансформациясы инвестициялық тартымдылықты арттыруға ықпал етіп отыр — Ерлан Досымбеков

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект пен цифрлық егемендік тақырыбы Қазақстанның цифрлық трансформация бағытында бір жыл ішінде қол жеткізген нәтижелерін көрсетеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысында «Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы басқармасының төрағасы Ерлан Досымбеков айтты. 

Ерлан Досымбеков
Видеодан алынған скрин/ t.me/KZgovernment

Оның сөзінше, «Цифрлық Қазақстан» стратегиясы аясында жасанды интеллект экономикалық саясаттың басым бағытына айналып, стратегиялық міндеттерді іске асыру кезеңі басталды.

— Осы бағыттағы жұмысты үйлестіретін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы Қазақстанның өңірлік жасанды интеллект хабы ретінде қалыптасуына және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр, — деді Ерлан Досымбеков.

Сондай-ақ ол инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында қолға алынған шараларға тоқталды.

— Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің құрылуын ерекше атап өткен жөн. Бас прокурордың инвесторлар омбудсмені ретіндегі қызметі инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, Қазақстанның инвестициялық ортасына деген сенімді одан әрі нығайтады деп сенеміз, — деді ол.

Бұдан бөлек, Ерлан Досымбеков Шетелдік инвесторлар кеңесінің бірлескен жұмыс топтарының қызметі нәтижесінде шетелдік инвесторлар көтерген бірқатар мәселе бойынша нақты ілгерілеушілікке қол жеткізілгенін айтты.

Сонымен бірге, оның сөзінше, инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін қосымша назар аударуды қажет ететін мәселелер де бар. Осыған байланысты жұмыс топтары мемлекеттік органдардың қарауына бірқатар ұсыныс жолдаған.

Бұған дейін Қазақстанның бірегей геосаяси орны оның болашақ даму мүмкіндіктерін айқындайтынын жазғанбыз.