Қазақстанның Түрікменстанға ауыл шаруашылығы тауарлары экспортының көлемі өсті
АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Ашхабад қаласында (Түрікменстан) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Биыл Достастыққа Түрікменстан Республикасының төрағалық етуде. ТМД ҮБК отырысы басталар алдында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов үкіметтік делегациялар басшыларын қабылдады.
Екіжақты кездесу барысында Олжас Бектенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов пен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке жылы лебізін жеткізді.
Кездесуде сауда-экономикалық және көлік-транзиттік ынтымақтастық, сондай-ақ энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды. 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы өзара сауда көлемі $125,3 млн-ды құрады. Бұл ретте экспорт қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайту есебінен 15%-ға өсті. Қазақстан Үкіметі мен Түркіменстан Министрлер кабинеті екі мемлекет басшылары жүктеген тауар айналымын арттыру жөніндегі міндеттер жоспарлы түрде жүзеге асырылып келе жатқаны атап өтілді.
ТМД ҮБК отырысына Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан үкіметтерінің басшылары, Түркіменстан мен Арменияның өкілдері, сондай-ақ ТМД-ның Бас хатшысы қатысты.
Дәстүр бойынша отырыс шағын және кеңейтілген құрамда өтті.
Осыған дейін ТМД елдерінің Үкімет басшылары Түрікменстан астанасында кездесетіні туралы жаздық.