Қазақстанның ұлттық киімдері Сеулде үлкен қызығушылық туғызды
СЕУЛ. KAZINFORM — Орталық Азия мен Корея Республикасы Достық күніне орай өткен іс-шара аясында дәстүрлі киімдер көрсетілімі ұйымдастырылып, өңір елдері мен Кореяның мәдени алуан түрлілігі мен бай шығармашылық дәстүрлері көрсетілді. Бұл туралы СІМ мәлім етті.

Ведомствоның мәліметінше, іс-шара Орталық Азия мен Корея Республикасы Достық қауымдастығының қолдауымен орын алды. Салтанатты рәсімге Қауымдастық Президенті Ли Ок Рён, Азия мәдени орталығының Президенті Ким Санг Ук, Орталық Азия елдерінің дипломаттары, іскер топтардың өкілдері және шығармашылық ұжымдар қатысты.

Құттықтау сөзінде Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов Орталық Азия мен Корея арасындағы мәдени байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Ол өнер, музыка және креативті индустрия саласындағы бірлескен жобалар елдер арасындағы достықты нығайтуға ықпал ететінін баса айтты.
— Қазақ дипломаты Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттармен таныстырып, Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігін құру бастамасына, сондай-ақ креативті индустрияға озық технологияларды енгізу мәселесіне ерекше назар аударды. Елші биыл Кореяда таныстырылатын «Алатау Сити» жобасының маңыздылығын атап өтіп, оның смарт-қалаларды дамытудағы, жасыл бастамаларды ілгерілетудегі және туризмді өркендетудегі рөлін ерекше атады. 2025 жылғы шілдеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президенті Ли Чжэ Мён телефон арқылы сөйлесу барысында сауда және инвестициялық ынтымақтастыққа баса назар аудара отырып, жан-жақты өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты, — делінген хабарламада.

Өз кезегінде Қауымдастық Президенті Ли Ок Рён Орталық Азия елдерінің бай мәдениеті, өзіндік дәстүрлері мен сан қырлы музыкасы Кореяда жылы қабылданып, өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етіп жатқанын тілге тиек етті.

Қазақстаннан «Tarbiya» брендінің ұлттық костюмдер топтамасы таныстырылды. Бұл топтама дәстүрлі элементтер мен заманауи эстетиканы үйлестіріп, корейлік көрермендерді тәнті етті және жоғары бағаға ие болды.
Көрсетілім Орталық Азия мен Корея Республикасы халықтарын одан әрі жақындастыруға ықпал ететін табысты ынтымақтастық пен мәдени алмасудың жарқын үлгісіне айналды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау тұрғындары ұлттық киімнен әлемдік рекорд орнатқан болатын.