Қазақстанның жасөспірімдер құрамасын кімдер жаттықтырады

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстан футбол федерациясының Техникалық даму комитетінің отырысында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушылар штабының алдағы жұмысына қатысты кадрлық және ұйымдастырушылық мәселелер қаралды.

Қазақстанның жасөспірімдер құрамасын кімдер жаттықтырады
Фото: ҚФФ

ҚФФ мәліметінше, Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы міндетін уақытша атқаратын мамандарды таңдау кезінде Комитет мүшелері ұлттық құрамаға үміткер футболшылардың клубтық тиесілігін де ескерген.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Есімбек Нұрахметов 2011 жылы туған ойыншылардан құралған Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы міндетін атқарушы, ал Жағыппар Ануар 2012 жылы туған футболшылар құрамасының аға жаттықтырушысы міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Екі жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушылар штабына ассистенттер мен тәлімгер ретінде мол практикалық тәжірибесі бар мамандар міндетті түрде енгізіледі.

Бұл командаларды алда екі халықаралық турнир күтіп тұр. 2012 жылы туған Қазақстан құрамасы 2026 жылғы 14-19 қыркүйек аралығында Сербияда өтетін УЕФА Даму турниріне қатысады. Жас футболшылар аталған жарыста Түркия, Ресей және Сербия құрамаларымен кездеседі.

Ал Қазақстанның U-16 құрамасы (2011 жылы туған ойыншылар) 2026 жылғы 7-11 қазан аралығында Грузияның Батуми қаласында өтетін халықаралық турнирде өнер көрсетеді.

Қазақстанның U-15 және U-16 жасөспірімдер құрамаларының аға жаттықтырушыларына қатысты түпкілікті шешім 2027 жылдың басында қабылданады. Бұл ретте командалардың нәтижелері, ойын сапасы және футболшылардың даму деңгейі ескеріледі.

Айта кетейік, «Барселона» көз тіккен Кәрім Меңдіқанов Қазақстан жастар құрамасына шақырту алған болатын.