Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі туралы жаңа жинақ жарық көрді
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толады. Тарих тұрғысынан қарағанда бұл көп уақыт емес, бірақ адамзат тарихындағы ең қайғылы және қанды соғыстардың бірі туралы естеліктер көмескілене түскендей. Соғысты көзімен көрген, жақынын жоғалтқан, азабы мен қиыншылығын бастан өткерген адамдар саны да сиреп келеді. Осыған орай танымал журналист, деректі жобалар авторы Майя Бекбаева «Қазақстан. Жеңіске қосқан үлес» атты жаңа жинағын таныстырды.

Бұл кітап ҚР Президенті Телерадиокешенінің қолдауымен және «Арман ПВ» баспа үйімен бірлесіп жасалды. Жаңа жинақ батыр жауынгерлеріміз – Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев және басқа да қаһармандар туралы Jibek Joly телеарнасына арналған фильм сценарийлері негізінде жазылып шықты және эксклюзив фотосуреттер, архив құжаттары қоса берілді.
Сонымен бірге, жинақта Қазақстандағы тыл еңбегі де, олардың Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі назардан тыс қалмаған.

− Баршаға мәлім, миллионнан астам жерлесіміз майданға аттанды, мыңдаған адам шайқаста ерлік көрсетіп, қаһарманға айналды. Тіпті тылда қалған әйелдер, балалар, қариялар күн сайын 16 сағаттан тынбай еңбек етті. Одақ бойынша 140 зауыт Қазақстанға эвакуацияланды. 10 оқтың 9-ы осында өндірілген. Қазақстандықтар фашизмді жеңуге теңдессіз үлес қосты, мұны тек мерейтой кезінде емес, әрдайым еске алып отыру керек, − дейді кітап авторы.

Жеңіс күні қарсаңында «Наша история» жобасы аясында қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған деректі фильм жарық көреді. «Қазақстан. Жеңіске қосқан үлес» жинағында да Х. Доспанованың бұрын жарияланбаған отбасылық суреттерін көруге болады.
Сондай-ақ, биыл Президент Телерадиокешені құрамындағы Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне 105 жыл толады. Тұсаукесер аясында соғыс жылдары агенттік фототілшілері түсірген, бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген фотосуреттер көрмеге қойылды.

− Биыл Президент Телерадиокешені агенттіктің 105 жылда түсірілген фотосуреттерін жинақтауды бастады. Олардың арасында ең ерте түсірілгені – Алматы архивінен табылған 1929 жылғы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің фотосурет болды. Әрине, жоғалған суреттер де бар, дегенмен бүгінгі күнге дейін архивтерден 10 мыңға жуық фотосурет жинадық. Жақын арада үлкен фотокөрме ұйымдастырылады және агенттік туралы деректі фильм түсіріледі, − деді «Қазақпарат» - «Казинформ» халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары - қазақ редакциясының бас редакторы Нағашыбек Алдан.

«Қазақстан. Жеңіске қосқан үлес. 1941-1945» жинағы кітап дүкендерінде және маркетплейстерде сатылымға шығарылады.
Өткен жылы Майя Бекбаева «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» атты кітап-альбомын жарыққа шығарған еді.
