Қазақстанның 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарына дайындығы жоғары бағаланып отыр
3-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында қатар өтетін Қысқы Азиаданы жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін бүгінде атқарылатын жұмыстарға мемлекетіміз жұмыла кірісіп кетті. Қазақстан жерінде өткелі тұрған осы аса маңызды спорттық оқиғаны тиісті деңгейде ұйымдастырсақ, бұл кейіннен бұдан да ірі спорттық шараларды елімізде өткізуге мүмкіндік беретін жолдамаға ұласатынына сенім мол. ТМД елдері ішінде Қазақстан Қысқы Азия ойындарын бірінші болып қабылдайтындықтан, бұл жобаны жоғары деңгейде жүзеге асыру үшін жауапты мекемелер барынша тырысып бағуда. Осы орайда Туризм және спорт министрлігі Спорт инфрақұрылымы және лицензиялау басқармасының бастығы Қанат Қазбеков Азиада аясында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
- Жақында Сингапурде Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) Атқару комитетінің кезекті сессиясы мен АОК-тің 28-ші Бас ассамблеясы өткізілді. Аталған жиындарда Қазақстанның 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарына дайындық барысы таныстырылғаны мәлім. Осы орайда елімізде атқарылып жатқан жұмыстар Азия Олимпиадалық кеңесі тарапынан қалай бағаланды?
- Ағымдағы жылғы шілденің 1-і мен 3-і аралығында Сингапурде өткен Азия Олимпиадалық кеңесінің Бас ассамблеясы ең шешуші кезеңнің бірі болатын. Сондықтан оған біз тыңғылықты дайындалдық. Аталған отырыс басталғанға дейін біздің делегация АОК-тің атқарушы комитетіне аралық есепті ұсынды. Біздің әбден нақтыланған бағдарламамызды талқылау кезінде таныстырылым жобасы комитет мүшелерінің тарапынан сауалдар тудырған жоқ. Себебі Астана мен Алматы қалаларында Қысқы Азия ойындарының табысты өтуі олардың күмәнін тудырмады десек те болады. Азиадаға дайындық барысына байланысты таныстырылым бағдарламасы өзінің әрбір бөлімімен комитет мүшелерін тәнті етті. Атап айтқанда, ондағы мастер-жоспарлар, ойындардың ашылу мен жабылу рәсімі, тіркеуден өткізу, меймандар мен спортшыларды орналастыру, тасымалдау шаралары, маркетинг және спорттық шараларды трансляциялау жұмыстары, волонтерлердің жұмыстарын ұйымдастыру шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ таныстырылым барысында 2011 жылғы Азия ойындарының ресми бейнеролигі олимпиадалық кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалған жоқ. Қазақтың ұлттық дәстүрінің негізінде жасалған бұл бейнеролик Киевте өткен арнайы клиптер конкурсында қола медальді иеленген болатын. Осы орайда АОК Президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах біздің дайындығымызға жоғары баға берді. Ол қазіргі қиындықтарға қарамастан, Қазақстанда қарқынды жұмыстар атқарылып жатқандығын, сонымен қатар 7-ші Қысқы Азия ойындарының басталуын асыға күтіп отырғандығын жеткізді.
- Бүгінде Астана мен Алматы қалаларында 7-ші Азия ойындарына қажетті нысандар қаншалықты даяр деп айтуға болады?
- Сингапурде өткен Бас ассамблеяда біз спорттық ойындардың бағдарламасын және спорттық шаралар өткізілетін нысандардың тізімін бекіттік. Бүгінгі таңда нысандардың 80-90 пайызы дайын деп айтуға болады. Азия олимпиадалық кеңесінің жоспарына байланысты біздің спорттық нысадар 2010 жылдың жартысына дейін тапсырылуы тиіс. Қазірдің өзінде 80-90 пайыздық дайындықты ескергенде аталған мерзімге үлгеретін боламыз.
- Осы ауқымды спорттық шара аясында әзірленіп жатқан «Мәдени Азиада» жобасы жөнінде айтып өтсеңіз?
- Ауқымды спорттық шалалар өткізілген елде міндетті түрде мәдени дайындықтың маңызы жоғары. Себебі, спорт бағдарламасымен қатар меймандар мен спортшыларды ұйымдастырушы ел өзінің төл мәденитімен, дәстүрімен, қаланың көрінісімен таныстыратын болады. Осы орайда «Мәдени Азиада» жобасы аясында Астана мен Алматы қалаларында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, сол күндері осы екі қаланың барлық мәдени орындарында өтетін көріністер мен концерттер, көрмелер, танымдық шаралар көрермендер назарынан тыс қалмайды десек те болады.
- VII Қысқы Азия ойындарына қанша медаль сарапқа салынатын болады?
- Жалпы 2011 жылғы Азиада Азия олимпиадалық кеңесімен келісілген 11 спорт түрінен өткізіледі, сондай-ақ 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
- Таяу уақытта Сингапурде өткен Азия жасөспірімдерінің ойындарында Қазақстан спортшылары өздерін қалай көрсете алды? Сонымен қатар 2010 жылдың тамызында осы елде бірінші Жасөспірімдердің олимпиадалық ойындары басталмақ. Осы ауқымды спорттық шараға Қазақстан тарапынан баратын атлеттердің дайындығына тоқталсаңыз?
- Жақында өткен Азия жасөспірімдерінің бірінші ойындарына Қазақстан құрама командасы 5 спорт түрлерінен қатысты (жеңіл атлетика, суға секіру, жағажай волейболы, мылтық ату, жүзу). Осы жарыста еліміз спортшылары 4 алтын медаль, 6 күміс, 4 қола медальді иеленді. Осыған қатысқан 43 мемлекеттің ішінде біз командалық есепте 8 орында тұғырландық. Біздің алдымызға Қытай, Корея Республикасы, Тайланд, Жапония елдері шықты. Ал 2010 жылы Сингапурде өтетін Жасөспірімдердің олимпиадалық ойындарына қазіргі кезде құрама командамыз дайындалуда. Бұл жарыс спорттың 26 түрінен өткізіледі. Қазақстан тарапы 21 спорт түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Жасөспірімдер арасындағы олимпиадалық ойындарға 3 мың 500-ден астам спортшы қатысатын болады. Жалпы Қазақстан спортшыларының дайындығын қамтамасыз ету үшін республикада 6 олимпиадалық даярлау орталығы, дарынды балаларға арналған 3 республикалық мектеп-интернат, жоғары спорт шеберлігіне арналған екі мектеп жұмыс істейді. Мұнымен қоса, еліміздің өңірлерінде олимпиада резервін даярлауға бағытталған 16 орталық бар. Бұл мекемелерде 3 мыңға жуық жас спортшылар даярлықтан өтеді.
- Сұхбатыңыз үшін рахмет!