Қазақстанның әлемдік ірі мұнай өндірушілердің ондығына енуі магистральдық құбырлардың маңыздылығын арттыра түседі

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат - Әлемдік ірі мұнай өндірушілердің ондығына Қазақстанның енуіне байланысты магистральдық құбырлардың рөлі арта түседі.
None
None

Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Магистральдық құбыр туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне магистральдық құбыр мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының тұсаукесері барысында мәлім болды.

Мұнай және газ министрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек Сафиновтың айтуынша, аталған құжатта магистральдық құбырларды қайта құру арқылы оларға мемлекеттің басым құқықтарын бекіту көзделеді. Сонымен қатар, магистральдық құбыр саласындағы қызмет көрсететін немесе оның қызметін пайдаланатын тұлғалардың міндеті мен құқықтарын анықтау қарастырылады. Бұдан бөлек осы салада ұлттық оператор институтын енгізу мәселесі де көзделеді.  

«Елімізде өндірілетін көмірсутекті шикізаттардың айтарлықтай үлесі магистральдық құбырлар арқылы ішкі және сыртқы нарыққа шығады. Сондықтан да, бұл стратегиялық маңызға ие болып отыр. Әлемдік ірі мұнай өндірушілердің ондығына Қазақстанның енуіне байланысты магистральдық құбырлардың рөлі де арта түседі. Сондай-ақ, магистральдық құбырлар арқылы мұнай тасымалдау ел бюджетінің түсімін айтарлықтай арттыратыны белгілі. Шындығында, бұл мемлекет жүргізетін көпвекторлы саясатпен тікелей байланысты экономиканың бірінші дамыған саласы. Әйтсе де осындай маңыздылығына қарамастан, магистральдық құбырлар мәселелеріне байланысты заңдық қатынастарды реттейтін нақты заңнамалық актілер жоқ. Әрине, осы салада қатынастарды қозғайтын кейбір заңдарда жекелеген нормалар бар. Алайда, олар тиімді құқықтық реттеуді қамтамасыз ете алмайды», - дейді жауапты хатшы.

Оның айтуынша, қазіргі заңнамада магистральдық құбырлар саласын мемлекеттік реттеу мен басқаруға Үкімет пен өкілетті органдар арасындағы уәкілеттілік толық қамтылмаған.   Ал жаңа заң жобасы осындай олқылықтардың орнын толтыруға бағытталады.

Соңғы жаңалықтар