Қазақстанның Армения, Швеция және Бразилиядағы жаңа елшілері туралы не білеміз

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Қазақстанның 3 мемлекеттегі елшілері тағайындалғаны хабарланды. ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап аталмыш елшілер туралы деректерді ұсынады.

Қазақстанның Армения, Швеция және Бразилиядағы жаңа елшілері туралы не білеміз

Болат Бариұлы Иманбаев - Қазақстанның Армениядағы Елшісі.

1968 жылы 31 қаңтарда Ақмола облысы Ақсу кентінде дүниеге келген. М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Ресей СІМ Дипломатиялық академиясын бітірді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде 1992 жылдан бері қызмет атқарып келеді.

Түрлі жылдары Нұр-Сұлтандағы ҚР СІМ Консулдық пунктінің басшысы, Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, Ақмола облысы бойынша Сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің төрағасы болды.

Қазақстанның Литва, Германия, Ресейдегі елшіліктерінде жұмыс істеді. ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, ҚР СІМ Халықаралық экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық департаментінің директоры, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры қызметін атқарды. 2014-2017 жылдары Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің кеңесші-уәкілі болды. 2017-2019 жылдары ҚР Санкт-Петербургтегі Бас консулы лауазымын атқарды.

Қазақстанның Армениядағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі болды.

ІІ сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар.

Сергей Нұртайұлы Нұртаев - Қазақстанның Швециядағы Елшісі

1974 жылы 6 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті, Америка халықаралық университеті, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.

Өз еңбек жолын 1998 жылы «Жетісу» компаниясының Басқарма төрағасының кеңесшісі ретінде бастаған.

2002 жылы дипломатиялық қызметке ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің Мемлекеттік протокол тобының үшінші хатшысы лауазымына ауысты. Қазақстанның Ұлыбритания және Грециядағы елшіліктерінде жұмыс істеп, Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулы болып қызмет атқарды. 2009-2015 жылдары еліміздің Грекиядағы Елшісі болды.

Қазақстанның Швециядағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін Қазақстанның Италиядағы Елшісі болған.

І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие.

Болат Тұрарұлы Нүсіпов - Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі.

1971 жылы 24 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетін және Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген.

Дипломатиялық қызметін 1994 жылы СІМ Еуропа елдері басқармасының референті, атташесі және үшінші хатшысы ретінде бастаған. Қазақстанның Аустрия мен Германиядағы елшіліктерінде жұмыс істеді. Орталық аппаратта Америка және Еуропа департаментінің кеңесшісі, бөлім басшысы, сондай-ақ Еуропа департаменті директорының орынбасары, Сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры қызметтерін атқарды. 2014 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстанның Германиядағы Елшісі болды.

Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін ҚР СІМ Ресей, Кавказ және ТМД Еуропа елдері департаментінің директоры болды.

II сыныпты Төтенше және Өкілетті уәкілі дәрежесі бар.