Қазақстанның әскери қызметшілері «2050-Стратегиясын» талқылауда
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын әскери бөлімдерде талқылау және насихаттау жұмыстары жалғасуда.
Бұл туралы ҚР ҚМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жуырда Әскери-әуе күштері қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Еркін Жұмағалиев бастаған офицерлер тобы Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында Талдықорған гарнизонының әскери бөлімдерінде болып қайтты.
«Президент Жолдауындағы негізгі аспектілердің бірі ретінде кез келген дамыған қоғамның рухани түйіні болып отырған - патриотизм тақырыбы айтылған. Біз аға буынның қаһармандық ерлігі мен жауынгерлік дәстүрлерін үлгі тұтамыз. Біздің әскеріміз қазақстандық патриотизмнің қайнар көзі болуы керек. Ал, өзіміз шынайы патриотизмнің үлгісі болуға тиістіміз», - деп атап өтті Е. Жұмағалиев.
Тәрбиеші офицерлер ұйымдастырған бұл секілді кездесулер Әскери-әуе күштерінің барлық бөлімдерінде жүргізілуде. Жас офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер талқыланған тақырыптарға қызғушылық танытып, белсенділік көрсетуде.
«Біз еліміздің жаңа деңгейге көтеріліп, әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіру үшін бар күш-жігерімізді салып, өз үлестерімізді қосамыз», - дейді Әуе күштерінің әскери қызметшілері.