Қазақстанның Астана, Алматы қалалары мен облыстарының әкімдері тағайындалды

АНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Соңғы екі күн ішінде Қазақстанда облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері тағайындалды. Тағайындалған он алты аймақ басшылары ішінен он бес әкім өз орындарын сақтап қалды.

Қазақстанның Астана, Алматы қалалары мен  облыстарының әкімдері тағайындалды

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 8 сәуір күні ұлықтау рәсімінен кейін "Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдері туралы" Жарлыққа қол қойған болатын.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 5-тармағына сәйкес жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен кезде Астана және Алматы қалалары, облыстар әкімдерінің өкілеттігінің тоқтатылуына байланысты ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдері тиісті әкімдер тағайындалғанға дейін өз міндеттерін атқаратын болсын.

2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, - делінген құжатта.

12 сәуір күні ҚР Президенті елорда активіне Астананың қайта тағайындалған әкімін таныстырды. Иманғали Тасмағамбетов екінші рет елорда әкімі болып тағайындалды. Алғаш рет ол 2008 жылдың 4 сәуірі күні елорда әкімі қызметіне тағайындалған еді.

Сол күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов облыс активтерімен кездесу өткізді. Тиісті облыстардағы мәслихаттардың келісімімен К.Мәсімов жаңа тағайындалған әкімдерді таныстырды.

Қостанай облысының әкімі болып Сергей Кулагин қайта тағайындалды. Әкім Үкімет басшысы мен Мемлекет басшысына көрсетіп отырған сенімдері үшін алғысын айтты. Естеріңізге сала кетейік, С.Кулагин 2004 жылдың наурызынан бері Қостанай облысы әкімінің қызметін атқарып келеді.

Серік Ахметов Қарағанды облысы әкімінің орнын сақтап қалды. Ол бұдан бұрын 2009 жылдың 19 қарашасы күні Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалған еді.

Өскеменде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Елбасының Бердібек Сапарбаевты қайтадан Шығыс Қазақстан облысының әкімі етіп тағайындау туралы шешімін мәлім етті. Мәслихаттың кезектен тыс 28-ші сессиясында депутаттар бірауыздан Б.Сапарбаевтың кандидатурасын қолдап, дауыс берді. ол 2009 жылдан бері ШҚО әкімі қызметін атқарып келеді.

Павлодарда ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов аймақ басшысы қызметіне 2008 жылдың қыркүйек айынан бері осы лауазымды атқарып келе жатқан Бақытжан Сағынтаевтың кандидатурасын ұсынды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин облыстар активімен кездесу өткізді. Осы облыстардың мәслихаттарының келісімі бойынша А.Мусин тағайындалған әкімдерді таныстырды.

Сессия барысында депутаттар Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағы да Серік Біләловтің тағайындалуына бірауыздан дауыс берді. Облыстық әкімдікте облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы болып, оған қатысқан ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы жиналған қауымға қайта тағайындалған СҚО әкімі Серік Біләловты таныстырып өтті .

Ақмола облысының әкімі лауазымына Сергей Дьяченко қайта тағайындалды. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар тарапынан аймақ әкімінің лауазымына С.Дьяченконың кандидатурасы келісілді.

Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов өзінің орнында қалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин Елбасының Болатбек Қуандықовты Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындау туралы Жарлығын таныстырды.

Елеусін Сағындықов Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды. Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин облыс активін аймақ әкімін тағайындау туралы Елбасының Жарлығымен таныстырды. Ол 2004 жылдан бері Ақтөбе облысы әкімінің қызметін атқарып келеді.

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының кезектен тыс мәжілісінен кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облыс активіне қызметіне қайта тағайындалған аймақ әкімі Асқар Мырзахметовты таныстырды. Бұрын А.Мырзахметов әкім болып 2009 жылы 4 наурызда сайланған болатын.

Қанат Бозымбаев Жамбыл облысының әкімі болып қайта тағайындалды. Бүгін Жамбыл облысы мәслихатының кезектен тыс отырысынан кейін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов облыс активіне Мемлекет басшысының әкімді тағайындау туралы Жарлығын оқып беру арқылы әкім лауазымына қайта сайланған Қанат Бозымбаевты таныстырды. Ол 2009 жылдың 30 қарашасынан бері облысты басқарып келеді.

Алматыда қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында К.Мәсімов Мемлекет басшысының Жарлығымен Ахметжан Есімов қала әкімі қызметіне қайтадан тағайындалғанын хабарлады. Қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан осы шешімді құптады. Ол 2008 жылдың 4 сәуірінен бастап қаланы басқарып келеді.

Бүгін түстен кейін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов облыстық мәслихат депутаттарына, облыс активіне Алматы облысының жаңа әкімі - Анзар Мұсахановты таныстырды. А.Мұсаханов бұрын Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Бүгін мәслихаттың кезектен тыс отырысында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин Атырау облысы әкімінің лауазымына Бергей Рысқалиевты ұсынды. Ұсынылған кандидатураны депутаттар бірауыздан мақұлдады. Б.Рысқалиев Атырау облысынан 2006 жылдан бері басқарып келеді.

Бақтықожа Ізмұхамбетов қайтадан БҚО әкімі болып тағайындалды. Онда ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Батыс Қазақстан облысы әкімі қызметіне Бақтықожа Ізмұхамбетовтің кандидатурасын ұсынғанын, оны облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдағанын хабарлады. Содан кейін А.Мусин жиналысқа қатысушыларды Елбасы Жарлығымен таныстырды. Бақтықожа Ізмұхамбетов 2007 жылдың тамызынан бастап облыс әкімінің қызметін атқарған.

Ақтауда А.Мусин Қырымбек Көшербаевты Маңғыстау облысының әкімі етіп қайта тағайындау туралы ҚР Президентінің Жарлығын таныстырды. Ол 2006 жылдың қаңтарынан бері осы аймақты басқарып келеді.