Қазақстанның астығы әлемдік бағаға сай болады - Апталық шолу
Мәліметтерге қарағанда, қазіргі күні 10,6 млн. тонна астық бастырылыпты. Әрине, шаруалардың қарқынды да қызу жұмысына қарай бұл көрсеткіш күн санап өсуде. Аяқ астынан күрт құбылатын ауа райы тосын мінез көрсетпесе науқан да дер кезінде аяқталып, қамбалар астыққа толмақ.
«Биылғы жылы көктем кеш келгені мәлім. Соның салдарынан егіс жұмыстары кешірек басталды. Сосын басқа дақылдарды егу кезеңінде де бірқатар өңірлерде ауа райы қолайсыз болды. Нағыз қажетті кезде - маусым айында жауын-шашын қажетті мөлшерден кем түсті. Бірақ, соған қарамастан биылғы жылы егін жинау жұмыстары өз мерзімінде басталып, жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға фермерлердің сұраулары бойынша 60 млрд. теңгеге жуық несие берілді. 421 мың тонна жанармай жеңілдетілген бағамен бөлінді. Оның ішінде бүгінгі күні фермерлерге 300 мың тонна жанармай жеткізілді», - дейді Үкімет басшысының орынбасары Бақытжан Сағынтаев. Оның сөзіне қарағанда, астық қабылдау кәсіпорындары да сақадай сай тәрізді, мәселен, фермерлердегі астық сақтауға арналған орындардың сыйымдылығы 26 млн. тоннадан асып жығылады екен. Ендеше, жаңадан орылып жатқан биылғы егін мен өткен жылдан қалған астықты сақтайтін орын баршылық деген сөз. Яғни, Үкімет басшысының орынбасары келтірген мәліметтерге жүгінсек, жылдағыдай қамбалар жетіспеушілігі биыл орын алмауы керек.
Айтпақшы, болжам бойынша биылғы түсім 17,3 млн. тонна астықты құрайды. Қоймаларда өткен жылғыдан қалған 5 млн. тонна астық барын ескерсек, шындығында сақтайтын орын тапшылығы туралы сөз болмауы керек.
«Бүгінгі күні әкімдіктер берген мәліметтерге қарасақ, 9,1 млн. гектар алқаптың дәнді дақылы жиналды. Бұл жалпы егістік алқабының 62 пайызын құрайды. Өнімділігі гектарына - 11,6 центнер. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 0,7 центнерге артық. Осы кезге дейін 10,6 млн. тонна астық бастырылып болды», - дейді Бақытжан Сағынтаев.
Дегенмен, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ауа райының жиын-терім жұмыстарына қатты ықпал ететінін ескертіп, жоспардың орындалу-орындалмауы соған да байланысты екенін алға тартады. «Ең алдымен, егістік жұмыстары басталған кезде ауа райы әсер етті. Соның салдарынан дән себу мерзімі шегеріліп, ол жиын-терімнің де кейінге ығыстырылуына түрткі болды. Өйткені, астық әдеттегі мерзімінде пісіп үлгермеді. Қазіргі жауын-шашын фермерлерге зор әбігер әкелуде», - дейді министр. Оның айтуынша, диқандар астықты жаңбыр басылған сәттерде бастыру үстінде. Бұл кептіру шығыстарын ұлғайтады және астық сапасына да кері әсерін тигізеді. Дегенмен, былтырғы қар астында қалған астыққа қарағанда бұл біршама жақсы. «Дегенмен, бұдан да біздің фермерлеріміз еш сақтандырылмаған. Біз ауа райына барынша тәуелдіміз», - деді А.Мамытбеков.
Яғни, биылғы астықтың сапасына баға беру әзірше ертерек. Дегенмен, әлемдік нарықтағы құбылыс астық мәселесі де өзекті. Сондықтан да, Ауыл шаруашылығы министрі теңге бағамының өзгеруі астық бастыру науқанына қалай әсер еткендігіне қатысты мынадай түсінік берді: «Негізгі шығыстар теңгенің ескі бағамымен жасалды және инфляциялық таргеттеу болмаған жағдайда қазір әлемдік нарықтағы астық бағасының құлдырауына байланысты, оның бағасы біршама төмен болар еді. Әйтсе де, бүгінде Париж биржасында үшінші сыныпты астық шамамен 165 доллар, Чикаго биржасында шамамен 170 долларды құрайды. 1 долларды шамамен 250-260 теңге деп есептейтін болсақ, онда бүгінгі Қазақстандағы баға әлемдік бағаға сай келеді», - деді Асылжан Мамытбеков.
Сондай-ақ брифинг барысында бензин бағасына қатысты сұраққа Энергетика министрі Владимир Школьник жауап берген болатын. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда АИ-92 бензинінің жеткілікті қоры бар. «Біз оны жылына 2 млн. тонна көлемінде өндіреміз, ал қажеттілік жылына 3 млн. тонна. 1 млн. тоннаны біз сырттан әкелеміз. Енді бағасына тоқталсам, Ресейде АИ-92 бензинінің 1 литрі 143 теңге болса, біздегі орташа бағасы 125 теңге. Дегенмен, көтерме бағамен сатып алған кезде Қазақстанға біршама тиімді. Сондықтан да еліміз көрші елден бензин тасымалдауда. Тамыз айында, тапшылық орын алады деп қорыққан кезімізде көрші елден 74 мың тонна бензин әкелдік. Бүгінгі күнге дейін тағы 41 мың тонна алдық. Қазіргі уақытта біздің қорымыз 214 мың тоннаны құрайды. Өткен жылы 94 мың тонна қорымыз болған еді. Яғни, АИ-92 бензинінің қоры жеткілікті», - дейді министр Владимир Школьник.
Қазандықтар қысқа сақадай сай ма?
Жылдағы әдет бойынша «қыс шананы жаз сайлайтын» атқарушы билік қыркүйек-қазанда жылыту маусымына дайындық барысын соңғы рет пысықтап алатыны бар. Мәліметтерге сүйенсек, әкімдіктер қысқа әзірлік аясында 4 898 қазандықты жөндеген екен, бұл жалпы қазандық санының 97 пайызын құрайды. Сонымен қатар, 3,7 мың шақырым жылу желілерінде жұмыстар аяқталған. Мұнымен бірге, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 95 пайызы да жөндеуден өтіпті. Сондай-ақ, білім беру нысандары күз-қыс маусымына толық әзір екені белгілі болды, медицина мекемелерінде де жөндеу жұмыстары 99 пайызға аяқталды. Тұрғын үй қоры бойынша жоспарланған жұмыстар да кестеге сәйкес келе жатыр екен.
«Бұйыртса, бұлардың бәрі 15 қазанға қарай барлық нысандар жылыту маусымына дайын болады. Жалпы, жұмыс жоспарына сәйкес 2015 жылдың 15 қыркүйегіне қарай тұрғын үй қоры нысандарының дайындығы - 90, 15 қазанға қарай 100 пайызды құрауы тиіс еді», - деді Бақытжан Сағынтаев. Сонымен қатар, Үкімет отырысында өңір әкімдеріне жылыту маусымына дайындықты жеделдету бойынша барлық қажетті ескертулер мен тапсырмалар беріліпті. Дайындық жұмыстарын кешеуілдеткен бірқатар әкімге ескерту де жасалыпты. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарына жөндеу жұмыстарын жеделдетіп аяқтау жөнінде тапсырмалар берілген.
Қазақстанда жекешелендірудің ауқымды жұмыстары жалғасуда
Айта кетерлігі, былтыр басталған жекешелендіру толқыны бүгін белсенді түрде жүзеге аса бастаған. Соған орай, Үкімет жекешелендіруге жататын нысандардың жаңа тізбесін әзірлеген екен. Жаңа тізімге «Самұрық-Қазына» қорына, «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» холдингтеріне қарасты 60 ірі компания кірген. Оның ішінде «Самұрық-Қазынаның» - 38, «Бәйтеректің» - 4, «ҚазАгроның» - 4 және республика меншігіндегі 14 нысан бар көрінеді. Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» қорының меншігіндегі басқа да компанияларды бәсекелестік ортаға беру туралы ұсыныстар түскен. Осыған байланысты, ендігі күні ірі активтерді стратегиялық серіктестердің қатысуымен IPO және SPIO механизмдері арқылы қор нарығына, оның ішінде 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін елордада құрылатын Халықаралық қаржы орталығы алаңына шығару арқылы сату көзделеді. «Егер жеке инвестор қатысушы болса, басқа компанияларды тікелей саудалау әдісін пайдалану арқылы аукционда сату ұсынылады. Бүгінгі күні аталған компаниялардағы мемлекеттің қатысу үлесі 100 пайызды құрайды. Сатылымға бақылаушы және тосқауылдаушы акциялар топтамасы, яғни 25-тен 50-пайызына қосымша 1 және одан да көп акция шығарылады», - дейді Үкімет басшысының орынбасары.
Айтпақшы, жекешелендіру толқынының жетегінде «Қазақфильм» АҚ-ы секілді жұртшылықтың рухани мүддесіне жұмыс істейтін нысандар да сатылатыны бұған дейін белгілі болып, бұл жұртшылық арасында біршама түсініспеушілік тудырған болатын. Соған орай, брифинг барысында Бақытжан Сағынтаев мырза әлгі мәселеге өз жауабын берді. «Біз «Қазақфильмді» толығымен сатайық деп отырған жоқпыз. Міндет - оның өз қалпын сақтап қалу. Біз жыл сайын түрлі фильмдер түсіруге шамамен 5 млрд. теңге бөлеміз. Бұл мүмкін мүлдем аз шығар. Ол жақта сапалы фильмдердің түсірілгенін қалаймыз. Біздің фильмдерімізді басқа да елдерге көрсеткіміз келеді. Біздерге инвесторлар келуі мүмкін. Кім біледі, мүмкін Голливудтан қандай да бір компания келіп қалар. Сондықтан мәселе сол күйінде қала береді. Стратегиялық инвесторға 49 пайыз акцияны сату ұсынылады», - деп түсіндіреді Үкімет басшысының орынбасары. Яғни, тура осы секілді нысандардың тиімділігін арттыру үшін жекешелендірудің жағымды болатынын айтқан Вице-премьер, мұндай әдіс басқа да мәдениет нысандарына қатысты қолданылуы тиіс екенін алға тартты.
Құрбан айт - ізгі мереке!
Осы аптада күллі мұсылман исламдағы екі ұлық мерекенің бірі - Құрбай айт мерекесін тойлады. Адамзатты жақсылыққа, ізгілік пен имандылыққа тәрбиелейтін бұл мейрамның Қазақстан қоғамындағы орны да ерекше. Бұны Құрбан айттың алғашқы күнін мерекелік демалыс ретінде белгілеу де көрсетіп тұр емес пе? Сонымен қатар, Мемлекет басшысы: «Мұсылман діні - елдің барлығын бөлінуге емес, бірігуге шақырады» дегені есте.
Осы аптада, 24 қазандағы Айт мерекесіне орай Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне барып, Қазақстан халқы мен бүкіл әлем мұсылмандарын Құрбан айт мерекесімен құттықтаған болатын. «Бұл күні адамдар өкпе-реніштерін кешіріп, бір-біріне жақын бола түседі. Сондықтан мереке біріктіруші рөл атқарады. Біздің халқымыз Тәуелсіздік алғаннан кейін ислам дінімен қайта қауышты. Соның арқасында даму бағытындағы жолымызды жалғастыра отырып, бірлігіміз бен татулығымызды нығайттық», - деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ қазіргі замандағы қақтығыстардың негізгі себептеріне де тоқталды. «Бұлар - ең бірінші жер аумағына байланысты даулар. Біз осындай дау тумауы үшін көрші елдермен уағдаластық арқылы шекарамызды бекіттік. Екінші - этносаралық қақтығыстар. Өз ұлтын өзгеден жоғары санау - аса үлкен күнә. Біз Қазақстанда көпұлтты халықтың бірлігін қамтамасыз еттік. Этникалық тегіне қарамастан, әркімді де құрметтей отырып, елдегі тұрақтылықты нығайттық. Үшінші - бүгінде бүкіл әлемде болып жатқан дінаралық қақтығыстар. Еліміздің мұсылмандары өз дінін ұстана отырып, өзгелерді құрметтейді. Соның негізінде біз халықтың бірлігі мен достығын қамтамасыз еттік. Сондықтан халқымызды өз дінінде мейірімділік пен қайырымдылық жолын таңдауға және өскелең ұрпақты осы бағытта тәрбиелеуге шақырамын», - деді Мемлекет басшысы.