Қазақстанның Ауғанстанға негізгі күш-жігері экономикалық көмек арқылы қолдау көрсету болып табылады - СІМ басшысы Е. Қазыханов

АСТАНА. 27 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның Ауғанстанға негізгі күш-жігері экономикалық көмек арқылы қолдау көрсету болып табылады.

Қазақстанның Ауғанстанға негізгі күш-жігері экономикалық көмек арқылы қолдау көрсету болып табылады - СІМ басшысы Е. Қазыханов

Бүгін ҚР Cыртқы істер министрлігінде өткен ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы барысында сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ержан Қазыханов осылай мәлімдеді.

«Біз соғысты жақтамаймыз. Біздің негізгі күш-жігеріміз Ауғанстанға экономикалық көмектер арқылы қолдау болып табылады. Жолдарды, көпірлерді, ауруханаларды салуға жәрдем береміз, ауған еліне гуманитарлық көмек жібереміз. Сонымен қатар, Қазақстан өзінің қаражаты есебінен ауған жастарын оқытуды қолға алуда. Осы мақсатқа 50 млн. доллардан астам қаражат бөлініп отыр», - деді Е. Қазыханов. Министрдің айтуынша, осы бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі Ауғанстаннан келетін есірткі өндірісі мен айналымына қарсы күрес. «Ауған соғысы аяқталатынына сенемін, бұл өмірбақи жалғаспауы керек. Сондықтан да, Қазақстан осынау көп азап шеккен халықтың келешектегі бейбіт өмірін қалыптастыруға белсенді атсалысатын болады», - деді сыртқы саясат ведомствосының басшысы. Сонымен бірге, министр Қазақстанның ұлттар қауымдастығының белсенді әрі жауапты мүшесі ретінде ауған еліндегі жағдайдың тұрақталуын қолдайтындығын жеткізді. «Сондай-ақ, біз соғыс арқылы ауған проблемасы шешімін таппайтындығын айтқымыз келеді. Бұған барлық мүдделі тараптың ерік-жігері және елдің әлеуметтік-экономикалық сауығуына жоғары деңгейде халықаралық жәрдем керек. Ауған халқы өз елінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін жағдайға жеткен кезде, өңірдегі қауіпсіздік те күшейе түседі», деді министр.