Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы республикаға қажет өнімнен 3 есе артық өнім өндіруге қауқарлы

АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 1990 жылдардан бері елімізде бұрын пайдаланылып келген 14 миллион гектар жер мен 100 миллион гектардан астам жайылымдық пайдаланусыз қалды.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы республикаға қажет өнімнен 3 есе артық өнім өндіруге қауқарлы
Бұл мәліметтерді бүгін Дағдарыстан шығу шараларын ойластыру және елдің әрі қарай дамуы мен дағдарыс кезіндегі елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға байланысты партияаралық кеңестің бірінші отырысында Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, Қазақстан өзінің аграрлық сектордағы мүмкіндігі мен ресурстары жағынан әлем мемлекеттерімен иық теңестіреді. Ал қазір еліміз аграрлық өнімдер өндіретін әлемдегі ең үздік 25-тің қатарында. Республика ресурстары бүгін бізге қажет өнімнен 3 есеге артық өнім өндіруге қауқарлы. «Алайда, бізге қазіргі елдегі жағдайды 1990 жылдағы жағдаймен салыстырғанда көптеген әттеген-айлардың бар екендігін көреміз. Содан бері республиканың ауыл шаруашылығы саласында материалдық-техникалық база нашарлап, осы саладағы ең ірі деген кәсіпорындардың қатары сиреді. Ауыл шаруашылығы саласындағы өнімдердің көлемі мен мал саны азайып кетті. Оның ішінде ірі қара 1,7 есеге, ешкі, қой, шошқа мен құстар 2 еседен астам, ал жылқы малы 1,3 есеге кеміген», деді партия төрағасы. Сондай-ақ ол келтірген мәліметтер бойынша, Қазақстан астықты мол көлемде өндіретін ел. Соған қарамастан астық өндіру көлемі 1990 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге кеміп отыр. Ет өнімдерін өндіру көрсеткіші де аса қуантарлық емес. Сүт пен жұмыртқа, жүн де тапшы болып барады. «Бүгінде елдегі мал мен құстың 75 пайызы жеке қолда. Бұл өз кезегінде жоғары өнім өндіретін техниканы қолдану ісін тежеп отыр. Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Әлем елдерінің барлығы қазір постиндустриялық дамуға көшті. Ал біз болсақ, бұл мәселелерді ескермей отырған сияқтымыз», деді Ғ.Қалиев.